Көлік таңдағанда көпшілік алдымен бағасына, жанармай шығынына немесе сыртқы келбетіне қарайды. Алайда тәжірибелі жүргізушілер үшін ең маңызды көрсеткіштердің бірі – автомобильдің ұзақ қызмет ету қабілеті. Өйткені жаңа көлік сатып алу оңай болғанымен, оны жылдар бойы күрделі жөндеусіз пайдалану кез келген модельдің қолынан келе бермейді, деп жазады Ozgeris.info.
АҚШ-тағы iSeeCars зерттеу компаниясы осы сұраққа жауап іздеп, әлемдегі ең төзімді автокөліктердің жаңа рейтингін жариялады. Сарапшылар 174 миллионнан астам көлік туралы деректі зерттеп, қай брендтердің 400 мың шақырымнан артық жол жүруге қабілетті екенін анықтаған. Зерттеу нәтижесі жапон автокөлік өндірушілерінің беделі кездейсоқ қалыптаспағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
400 мың шақырымға жету неге қиын?
Зерттеуде көліктің кемінде 250 мың миль немесе шамамен 402 мың шақырым жүру ықтималдығы есептелген. Оның үстіне автомобиль бұл межеге күрделі техникалық ақауларсыз жетуі керек. iSeeCars сарапшылары пайдаланылған көліктерді сату туралы хабарландыруларды, мемлекеттік тіркеу базаларын, техникалық тарих жөніндегі есептерді және нақты пайдалану статистикасын талдаған.
Нәтиже таңғаларлық болды. Автонарықтағы барлық брендті қосқанда көліктің 400 мың шақырымнан астам жүру ықтималдығы небәрі 4,8 пайызды құраған. iSeeCars атқарушы сарапшысы Карл Брауэрдің айтуынша, бұл көрсеткіш ұзақ қызмет ететін көлік жасау қаншалықты қиын екенін көрсетеді.
«Қазіргі инженерлік шешімдер мен технологиялар барлық көліктің қызмет ету мерзімін ұзартты. Алайда 250 мың миль межесіне жететін автомобиль шығару әлі де көптеген бренд үшін күрделі міндет болып отыр», дейді сарапшы.
Toyota неге тағы көш бастады?
Рейтингтің бірінші орнына Toyota жайғасты. Компания көліктерінің 17,8 пайызының 400 мың шақырымнан астам жол жүру мүмкіндігі бар деп бағаланған. Бұл жалпы нарықтағы орташа көрсеткіштен 3,7 есе жоғары.
Toyota-ның табысы кездейсоқ емес. Сарапшылар компанияның жол талғамайтын көліктері мен пикаптарының ерекше төзімділігін атап өтеді. Әсіресе Toyota 4Runner, Sequoia, Tacoma және Tundra модельдері ұзақ мерзімді пайдалану жағынан үздіктер қатарында. Бірақ Toyota тек жол талғамайтын көліктермен ғана ерекшеленбейді. Avalon және Prius секілді седандар мен гибридтер де ұзақ жүретін көліктер тізімінен тұрақты орын алып келеді.

Карл Брауэр мұны жапон өндірушілерінің сапа философиясымен байланыстырады.
«Жапон көліктері жоғары сапа мен төзімділіктің символына айналған. 174 миллионнан астам автомобиль туралы деректерді зерттегеннен кейін бұл беделдің толық негізі бар екенін көрдік. Toyota, Lexus, Honda және Acura модельдерінің 250 мың мильге жету ықтималдығы орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары», дейді ол.
Ең ұзақ жүретін модельдер қайсы?
Жекелеген модельдер арасында абсолютті көшбасшы – Toyota Sequoia. Сарапшылардың есебінше, бұл модельдің 400 мың шақырымнан артық жүру ықтималдығы 39,1 пайызға жетеді. Яғни әрбір үш көліктің бірінен астамы осы межеге жете алады.
Үздік үштікке мыналар енді:
- Toyota Sequoia – 39,1%
- Toyota Highlander Hybrid – 31%
- Toyota Tundra – 30%
Жеңіл автомобильдер арасында да Toyota мен Lexus үстемдік етті. Алдыңғы орындарды:
- Lexus IS – 27,5%
- Toyota Avalon – 18,9%
модельдері иеленді.
Бұл көрсеткіштер көптеген еуропалық және америкалық брендтерден бірнеше есе жоғары.
Honda да үздіктер қатарында
Екінші орында Honda орналасқан. Компания көліктерінің 10,8 пайызы 400 мың шақырымнан астам жол жүре алады деп бағаланған. Бұл жалпы нарықтағы орташа көрсеткіштен екі еседен көп. Honda-ның ең сенімді модельдері қатарында:
- Honda Ridgeline
- Honda Pilot
- Honda Odyssey
аталды. Ал компанияның премиум бренді Acura 7,2 пайыз көрсеткішпен люкс санатындағы екінші орынға шықты.
Tesla қай орында?
Соңғы жылдары электромобильдердің сенімділігі туралы пікірталас жиі айтылады. Сондықтан рейтингтегі Tesla нәтижесі көпшіліктің назарын аударды. Компания жалпы рейтингте бесінші орынға жайғасты. Tesla көліктерінің 4,6 пайызы 400 мың шақырымнан астам жүре алады деп бағаланған. Бұл көрсеткіш GMC брендімен бірдей.
Tesla ішіндегі ең үздік нәтиже Model S моделіне тиесілі болды. Ол жеңіл автомобильдер рейтингінде алғашқы ондыққа өте алмағанымен, үздік модельдер тізімінде 13-орынға тұрақтады.

Ал BMW, Audi және Mercedes қайда?
Зерттеудің ең қызық тұстарының бірі – премиум еуропалық брендтердің нәтижесі. Көпшілік қымбат көлік міндетті түрде сенімді болады деп ойлайды. Алайда рейтинг мүлде басқа көріністі көрсетті.
- Mercedes-Benz – 1,7 пайыз,
- BMW – 0,4 пайыз,
- Audi – 0,3 пайыз нәтиже көрсеткен.
Тіпті Land Rover небәрі 0,1 пайызбен шектелсе, Jaguar мен Maserati модельдерінің 400 мың шақырымға жету ықтималдығы нөлге тең деп бағаланған. Сарапшылар мұны көліктің сапасынан бұрын пайдалану ерекшелігімен байланыстырады. Қымбат автомобильдердің иелері көбіне көлікті сирек жүргізеді әрі бірнеше жылдан кейін жаңасына ауыстырады. Сондықтан олардың нақты жүрісі ұзақ мерзімді статистикаға сирек енеді.
Қазақстан үшін бұл рейтинг нені білдіреді?
Қазақстандық нарықта да Toyota мен Lexus модельдерінің жоғары сұранысқа ие болуы кездейсоқ емес. Әсіресе өңірлерде Land Cruiser, Prado, Camry, Corolla және Lexus RX секілді модельдердің бағасы жылдар өтсе де күрт арзандай қоймайды. Себебі жүргізушілер арасында бұл көліктердің «миллионник» деген атағы қалыптасқан. Яғни күрделі жөндеусіз жүздеген мың шақырым жүруге қабілетті деген сенім бар.
iSeeCars зерттеуі осы пікірдің негізсіз еместігін көрсетіп отыр. Әлемдік статистика да ең ұзақ қызмет ететін көліктердің басым бөлігі дәл Жапонияда шығарылатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Егер көлікті үш-төрт жылға емес, он жылдан астам уақыт пайдалануды жоспарласаңыз, бұл рейтинг назар аударуға тұрарлық дерек көзі бола алады.