🏛️ Саясат

Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы: сыртқы саясаттағы жаңа қадам - The Washington Post

Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы: сыртқы саясаттағы жаңа қадам - The Washington Post

The Washington Post басылымында америкалық журналист, саясаттанушы Ишан Тарурдың «Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуға апарар қызық жолы» атты көлемді мақаласы жарияланды, деп хабарлайды ozgeris.info.

АҚШ-тың ара ағайындығымен Израиль мен бірнеше араб елдері арасында жасалған «Авраам келісімдеріне» Қазақстанның қосылатыны туралы жаңалық көпшілікті таңғалдырды.

Орталық Азиядағы алып мемлекет – Қазақстан географиялық тұрғыда Таяу Шығысқа мүлде жатпайды. Ол Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны – шамамен 4 750 мильге созылатын шекараны бөліседі, ал шығысында Қытаймен тағы мың мильге жуық шекарасы бар. Қазақстанның Израильге қатысты араб елдері секілді тарихи жаулығы жоқ. Керісінше, ол Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы, Израильмен ресми дипломатиялық қатынас орнатқан болатын.

Сондықтан да бейсенбі күні Қазақстанның «Авраам келісімдеріне» қосылатыны жайлы хабар көпшіліктің көкейіне сұрақ туғызды: Неліктен дәл қазір? Егер екі ел бұрыннан дипломатиялық серіктес болса, бұл «бейбітшілік орнату» нені білдіреді? Табиғи ресурстарға бай Қазақстан Израиль мен Палестина арасындағы татуласуға нақты үлес қоса ала ма?

Бұл сұрақтарды мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қойдым. Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп және Орталық Азия елдерінің басшыларымен болатын бейсенбідегі саммит алдында ол қысқаша сұхбат берді. Тәжірибелі дипломат Тоқаев бұл шешімді Қазақстанның «Таяу Шығыста болып жатқан үдерістерге қосқан шағын үлесі» деп сипаттап, оны «бейбітшілік пен диалогты ілгерілетуге бағытталған сыртқы саясаттың жалғасы» деді.

Қазақстан астанасы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан атауы кейін қайта өзгертілген) – Ресей, Түркия және Иранның 2017 жылы Сириядағы соғысты реттеу мақсатында бастаған келіссөздер процесінің атауына айналған қала. Соңғы жылдары бұл қала Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің кездесуі мүмкін алаң ретінде де аталды. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжан арасындағы татуласу процесіне де дәнекер болды, ол үшін Трамп биыл тамызда Ақ үйдегі рәсімде мақтанған еді.

Осы тұрғыдан Тоқаев «Қазақстанның бұл келісімге қосылуы табиғи, қалыпты жағдай» екенін айтып, «практикалық нәтижелер болмауы мүмкін» екенін де мойындады.

Ақиқатында, Қазақстанның келісімге қосылуы (ресми түрде желтоқсанда жүзеге асуы ықтимал) Таяу Шығыстағы бейбітшілікке үлес қосудан гөрі Трамп әкімшілігіне символдық қадаммен жақындай түсуге көбірек ұқсайды. АҚШ үшін «Авраам келісімдері» бастапқыда Израильді Таяу Шығысқа интеграциялау мен аймақтағы бай монархиялармен ынтымақтастықты күшейтудің жолы ретінде қарастырылған еді. Алайда Израильдің Газаға жасаған қантөгіс соғысы бұл бастамаларды маңызсыз етіп жіберді.

Қақтығыстағы палестиналықтардың орасан көп шығыны араб елдеріндегі халықты ашындырса, Израильдің Дохаға (Катар астанасы) жасаған соққысы көптеген аймақтық саясаткерлерге Израиль қаупіне қарсы жаңа қауіпсіздік стратегияларын ойластыру қажеттігін көрсетті. Тіпті Израильмен тығыз әріптес саналатын Біріккен Араб Әмірліктері де, егер Израильдің оңшыл үкіметі Батыс жағалаудағы аннексия жоспарын жалғастырса, келісімнен шығуы мүмкін екенін ескертті.

Мен Тоқаевтан Газа тұрғындарының күштеп көшіруі немесе Батыс жағалаудағы палестиналық жерлердің аннексиясы Қазақстанды келісімнен шығуға итермелей ме деп сұрадым. Президент бұған сабырлы жауап берді:

«Біз шешімімізді өзгертетіндей ешқандай ауыр жағдай болмайды. Авраам келісімдеріне қатысты ұстанымымыз нақты әрі қайтарымсыз», — деді ол.

Сарапшылар Қазақстанның бұл қадамынан прагматикалық мақсат көреді. Quincy Institute зерттеу орталығының сарапшысы Елдар Мамедовтың айтуынша, «Тоқаев жақсы біледі – Қазақстанның Таяу Шығыс дипломатиясында ықпалы жоқ. Сондықтан Авраам келісімдеріне қосылу – АҚШ пен Трампқа бағытталған арзан, бірақ тиімді сигнал. Негізгі мақсат – Ресейге тәуелділікті азайтып, сыртқы саясатты әртараптандыру».

Трамптың бейсенбі күнгі саммиті де АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екенін көрсетті. «C5+1» форматы алғаш рет Барак Обама кезінде пайда болған, бірақ Трамп адам құқықтары мәселесін қозғаудан бас тартып, оның орнына Қытай үстемдік ететін нарықтағы стратегиялық минералдарға жаңа жеткізу тізбегін қалыптастыруға назар аударып отыр.

Тоқаев АҚШ-пен жасалған жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер пакетін жариялады. Оған Boeing ұшақтарын, John Deere ауылшаруашылық техникасын және OpenAI мен Nvidia компанияларымен бірлескен жасанды интеллект чиптерін сатып алу кіреді. Сондай-ақ АҚШ инвесторлары Қазақстанның вольфрам қоры мен өзге де сирек металдарын игеруге қызығушылық танытқан.

Президенттен бұл келісімдер Ресей мен Қытай ықпалын азайтуға бағытталған ба деп сұрағанда, ол:

«Біз өзімізді жайлы сезінеміз. Ресеймен стратегиялық серіктестігіміз бар, Қытаймен ‘мәңгі достық’ қатынасымыз бар. Екеуімен де саудамыз өркендеп келеді. Қазақстан Еуразияның торабында тұрған маңызды ел», — деп жауап берді.

Дегенмен сарапшылар Астана мен Мәскеу арасындағы қатынастарда салқындық бар екенін айтады. Ресейдің Украинаға 2022 жылғы басқыншылығынан кейін бұл жағдай тереңдеді. Кейбір деректер бойынша, ресейлік күштер Қазақстанның солтүстігінде іріткі салуға тырысуда, ал Ресейдің мемлекеттік БАҚ-тары Қазақстан үкіметін «русофобиямен» айыптап жүр. Бұған қоса, Путин бұрын да Қазақстанның мемлекеттік тұтастығына күмән келтірген еді.

Тоқаев делегациясы бұл пікірлерді жоққа шығарып, елдің көпэтносты бірлігін алға тартқанымен, олардың Вашингтонға сапары өз алдына бір саяси белгі болды. Вирджиния Технологиялық университетінің профессоры Джерард Тоалдың пікірінше,

«Ақ үйге барудың өзі – Кремльге тәуелсіз саясат жүргізе алатыныңды білдіреді».

Қазақстанның «Авраам келісімдеріне» қосылуы да осы саясаттың бір бөлігі. Atlantic Council орталығының Еуразия бойынша директоры Эндрю Д’Анери былай дейді:

«Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан Қазақстан мүмкіндігінше көп серіктес тапқысы келеді. Әсіресе АҚШ және Еуропамен белсенді қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Авраам келісімдеріне қосылу – Вашингтонның назарын оң бағытта аударудың ақылды әрі прагматикалық тәсілі».

Барлық жаңалық