📰 Сарапшылар пікірі

Қазақстанды алдағы уақытта не күтеді?

Үкіметі 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстырды. Сарапшылардың айтуынша, құжат елдің жаңа экономикалық бағыттарын айқындаумен қатар, алдағы жылдары туындауы мүмкін сын-қатерлерді де көрсетіп отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Алдағы үш жыл қиын болмақ...

Қазақстанның экономикалық дамуы алдағы үш жылда күрделі сынақтарға ұшырайды, деп есептейді қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, ел экономикасының өсу жоспары мен нақты жағдай арасындағы алшақтық айтарлықтай.

«Екі жыл бұрын президенттің 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 млрд доллар деңгейіне дейін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасы өте амбициялық еді. Сол кезеңде бұл жоспарды жүзеге асыру мүмкіндігі жоғары еді. Әлемдік нарықтағы жоғары мұнай бағасы, инфрақұрылымға тартылған инвестициялар және Қазақстанның сауда балансындағы тұрақтылық барлығы қолайлы факторлар болды. Алайда, 2025 жылдың ортасына қарай жағдай түбегейлі өзгерді», дейді сарапшы.

Рысмамбетов әлемдік жоғары инфляция, жеткізілім тізбектеріндегі қиындықтар, ішкі тариф саясаты мен бағаның өсуі секілді факторларды атап өтті. Бұл элементтер Қазақстан үшін инфляциялық тәуекелдерді арттырады. Сондай-ақ, инвесторлар үшін тартымдылықты сақтау мақсатында субсидияларды қысқарту қажет, ал нарыққа бейім баға саясаты енгізу маңызды.

«Бюджет пен Ұлттық қордағы қаржының тиімді пайдаланылмауының да қауіпін алға тартты. Тиімсіз субсидияларды жалғастыру сөзсіз қаржының сарқылуына әкеледі. Фискалдық импульс және ақша массасының кеңеюі номиналды көрсеткіштерді қолдауы мүмкін, бірақ бұл инфляциялық қысымды күшейтеді. Сондықтан бізге бағаның өсуін тежеу мен теңгенің тұрақтылығын сақтау үшін нақты талдау мен пікірталас қажет», дейді Рысмамбетов.

Экономистің пікірінше, Қазақстан шикізаттық инвестициялық циклдің соңында тұр. 

«Біз бұрғылауға болатын барлық қорларды пайдаландық, қазір тек өндіру кезеңіндемыз. Бұл тікелей шетелдік инвестициялардың қысқаруына әкеледі. Бізде пайдалы қазбалар бар, бірақ оларды шикізат күйінде сату – экономикалық тұрақтылыққа зиян. Сондықтан жаңа инвестициялық цикл қайта өңдеу, дайын өнім өндіру, технологиялық инновацияларды енгізу басты мақсатқа айналуы тиіс», дейді ол.

Рысмамбетовтің ойынша, Қазақстанға әлемнің дамыған экономикаларына байсалды түрде кіру қажет.

«Енді біз сандарға ғана емес, экономиканың тұрақтылығына мән беруіміз керек. Кадр саясаты – практик мамандарға, техникалық біліктілігі бар жұмыс күшіне негізделуі тиіс. Инвестициялар ішкі капиталға сүйеніп, шетелдік серіктестіктер арқылы жүзеге асырылуы қажет. Қазақстанға жаңа, шикізаттық емес, өнеркәсіптік инвестициялық цикл қажет», деп қорытындылады сарапшы.

 Сонда алдағы үш жыл Қазақстан үшін сынақ кезеңі болады. Бірақ инвестиция тартуға мүмкіндік бар, тек ол тиімді, прагматикалық және тұрақтылыққа бағытталған болуы керек. Кідіріс немесе ашық талқылауды кейінге қалдыру экономикалық қауіптерді күшейтеді.

Ұлттық қор тыныға ма, әлде тәуекел күшейе ме?

Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті жариялап, елдің экономикасы жаңа парадигмаға бет алғанын көрсетті. Айбар Олжаевтың пікірінше, бұл құжат бірнеше маңызды бағытта экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

 Бюджетке енгізілген органикалық кірістердің өсуі – 3,5 триллион теңге Ұлттық қордан алынатын трансфертті екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2026 жылы Ұлттық қор шамамен 6 миллиард доллар үнемдеуі мүмкін, ал таза валюталық активтері 60,8 миллиард доллардан кемімейді.

«2026 жылғы бюджет Қазақстан үшін сәтті және прагматикалық қадам. Ол экономикалық тұрақтылықты күшейтеді, сыртқы тәуекелдерге төтеп беруге мүмкіндік береді. Бірақ салық мәдениетін күшейтпей, көлеңкелі экономикаға жол берсек, Ұлттық қордың қорларын сақтау мақсаты жүзеге аспайды. Сондықтан бюджеттің тиімділігі тек цифрда емес, нақты экономикалық тәртіп пен жауапкершілікте көрінеді», дейді Айбар Олжаев.

Ол биылғы және келесі жылдың бюджетін салыстырып, негізгі айырмашылықты атап өтті. 2025 жылы республикалық бюджет кіріс бөлігі 15,6 трлн теңгені құраса, Ұлттық қордан трансферт 5,7 трлн теңге болды. 2026 жылы кіріс 19,2 трлн теңгеге дейін өсіп, Ұлттық қордан тек 2,7 трлн теңге алынбақ. Шығындар 27,7 трлн теңгеге жетеді, бірақ дефицит ІЖӨ-ге шаққанда 2,5 пайызға дейін төмендейді.

«Бюджет 2026-2028 – өте сәтті шыққан құжат. Органикалық кірістердің артуы мен трансферттің қысқаруы Ұлттық қорды тынықтырады. Бұл сыртқы экономикалық шоктарға төтеп беру қабілетін арттырады. Бірақ басты сынақ кәсіпкерлер мен халықтың көлеңкелі экономикаға кетпеуінде, салық дисциплинасының артуында», дейді А. Олжаев.

Сарапшының ойынша, жаңа салық кодексі бюджетке қосымша мүмкіндіктер береді.

«Егер біз оны дұрыс пайдалансақ, соңғы екі жылда әбден шаршаған Ұлттық қор тыныға алады. Мысалы, балаңызға Ұлттық қордан жылына мың доллар түсіп тұрғанын елестетіңіз. Егер қазіргі кезеңде жұлмаламасақ, ертең Қор мұндай ақшаны тұрақты түрде төлей береді», деп түйіндеді Олжаев.

 

 

Барлық жаңалық