Жаңалықтар

Қазақстандағы несие қарызы 45,7 трлн теңгеге жетті

Қазақстандағы несие нарығы тағы да өсім көрсетті. Ұлттық банктің мәліметінше, берілген қарыздардың жалпы қалдығы 45,7 трлн теңгеге жетіп отыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kursiv.kz сайтына сілтеме жасап. 

 

Бұл көрсеткіш елдегі барлық ақша массасының 97%-ын құрайды. Экономикадағы жалпы ақша көлемі 47,2 трлн теңге деп есептелген.

 

Соңғы бір жыл ішінде кредиттердің жиынтық көлемі 22,7%-ға артқан. Тек маусым айының өзінде қарыздар 1,2 трлн теңгеге ұлғайған. Екінші деңгейлі банктердің портфелі бір айда 841,2 млрд теңгеге өсіп, 38,8 трлн теңгеге жетті.

 

Микроқаржы ұйымдары, «Бәйтерек» қорының құрылымдары және ипотекалық ұйымдар қарыз көлемін 338,4 млрд теңгеге арттырып, жиынтығы 6,8 трлн теңгені құрады. Бизнеске бағытталған займдар 686,8 млрд теңгеге көбейіп, жалпы 21,1 трлн теңгеге жетті.

 

Халыққа берілген қарыздар 492,8 млрд теңгеге өсіп, 24,5 трлн теңгеге жетті. Теңгемен берілген кредиттер – 41,2 трлн теңге немесе 90,2%, ал шетел валютасымен берілген қарыздар – 4,5 трлн теңге немесе 9,8%-ды құрады.

 

Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында жаңа несиелердің көлемі 14,4%-ға артқан. Дегенмен бір жыл бұрын осы кезеңде өсім екі есе жоғары – 28,8% болған еді.

Барлық жаңалық