Қазақстанның сыртқы қарызы өсіп бара жатыр. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдің сыртқы борышы 170,5 млрд доллар немесе шамамен 88 трлн теңгені құрады, деп жазады Ozgeris.info.
Неге қарыз артты?
Ұлттық банк дерегінше, қарыз өсімінің негізгі себептері төлем балансы операцияларындағы қозғалыс (3,4 млрд доллар) пен валюта бағамының ауытқуы (2,3 млрд доллар). Яғни, доллардың қымбаттауының өзі сыртқы қарыздың көлемін 4 айда 2,3 млрд долларға ұлғайтқан.
Қарыз құрылымына көз жүгіртсек, сыртқы борыштың 87,1%-ы ұзақ мерзімді міндеттемелерге жатады.
Секторлар бойынша сыртқы борыш былайша бөлінеді:
– Тікелей инвестициялар аясындағы фирмааралық берешек – 92,4 млрд доллар;
– Басқа секторлардың қарызы – 48,7 млрд доллар;
– Банктердің берешегі – 14,6 млрд доллар;
– Мемлекеттік басқару секторының борышы – 12,6 млрд доллар;
– Орталық банктің сыртқы міндеттемелері – 2,2 млрд доллар.
Яғни, сыртқы қарыздың негізгі бөлігі мемлекеттік емес секторға тиесілі: жекеменшік және квазимемлекеттік компаниялар сырттан көптеп қаржы тартқан.
Сыртқы қарыз қай елдер мен ұйымдарға тиесілі?
Статистика бойынша, Қазақстан ең көп қарыз Нидерланд алдында (41,75 млрд доллар). Бұл елдің үлесі тікелей инвестициялар мен қаржы ағындары арқылы қалыптасқан. Одан кейінгі ірі кредиторлар қатарында Ресей (14,88 млрд доллар), Ұлыбритания (13,98 млрд), халықаралық қаржы ұйымдары (13,97 млрд), АҚШ (11,03 млрд), Франция (10,90 млрд), Қытай (10,20 млрд), Бермуд аралдары (9,36 млрд), нақтыланбаған шетелдік кредиторлар (8,5 млрд) және Біріккен Араб Әмірліктері (5,52 млрд) бар. Бұл елдер Қазақстанға қарызды негізінен несие, кредит және борыштық бағалы қағаздар түрінде берген.
Қазақстанның сыртқы борышы 2024 жылы да 1,1 млрд долларға өскен. Бұл үрдіс кейінгі жылдары сақталып келеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының есебінше, 2025 жылы ел сыртқы міндеттемелерді өтеуге 45 млрд доллар жұмсамақ.