«Қазақмыс» компаниялар тобы қызметкерлер мен олардың отбасын әлеуметтік қолдау бағдарламасын кеңейтуде. Биыл өндірістік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға, медициналық қамтуға және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Компания өндірістік бөлімшелердегі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру бағытында мынадай жұмыстарды қолға алды:
-
Қызметкерлерді тасымалдау үшін 4,1 млрд теңгеге 90 жаңа Yutong және ПАЗ автобусы сатып алынды.
-
2,4 млрд теңгеге 81 санитарлық-тұрмыстық нысанда (жуынатын бөлмелер, киім ауыстыратын орындар) жөндеу жүріп жатыр. Жұмыс 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады.
-
Нұрқазған байыту фабрикасында 567 адамға арналған жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы басталды. Құны 2 млрд теңгеден асатын нысан 2027 жылы пайдалануға беріледі.
Кәсіпорындардағы медициналық қызмет сапасын арттыруға қомақты қаражат бөлінді.
-
Жезқазғандағы медициналық орталық 457 млн теңгеге заманауи кардиологиялық жабдықпен қамтамасыз етіледі.
-
2026 жылы жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын 25 жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған.
Жыл басынан бері 5751 адамға жалпы сомасы 989 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде 2941 жұмысшыға тікелей қаржылай қолдау жасалды. Сонымен қатар бағдарлама аясында мынадай шаралар қамтылған:
-
Биылғы жылдың наурыз айында қызметкерлерге 13 пәтер тегін берілді. Маусымда 16 қызметтік пәтер жеңілдікпен сатылады. Жыл соңына дейін Балқаш қаласында 152 қызметтік тұрғын үй табыстау жоспарланған.
-
Биылғы жазғы маусымда жұмысшылардың 1200 баласы «Балдәурен» орталығының Щучинск және Балқаш қалаларындағы филиалдарында демалады. Бұл мақсатқа 450 млн теңге бөлінген.
-
Шипажайларда емделу, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау және өндіріс ардагерлерін сауықтыру шаралары тұрақты түрде жалғасады.
«Қазақмыс» басшылығы еңбек жағдайын жақсартуды және қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыруды компанияның тұрақты даму стратегиясының негізгі элементі ретінде қарастырады.