Петропавл қаласында тұрмыстық жанжал 52 жастағы ер адамның өлімімен аяқталды. Полиция мәліметінше, марқұм 58 жастағы танысының үйіне қонаққа барған. Бірге спирттік ішімдік ішкеннен кейін араларында сөзге келіспеушілік туындап, жанжалға ұласқан деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Хабарланғандай, жанжал кезінде ер адам алдымен күш қолданған. Бұған жауап ретінде әйел адам теледидардың пультімен оның басынан бірнеше рет ұрған.
Келесі күні зардап шеккен азамат ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, мидың ауыр ошақты жарақаты салдарынан оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Аталған дерек бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелу фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті әйел ұсталды.