Азамат Перуашевтің WhatsApp аккаунтына жасалған кибершабуыл бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Депутаттың нөміріне белгісіз нөмірлерден 200-ден астам хабарлама келіп, кейін аккаунты бұғатталған. Перуашев бұл туралы Telegram арнасында жазған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, осы жағдайға байланысты 28 қыркүйекте соталды тергеу басталған. Іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы, яғни көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша тіркелген.
Қазір киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесі шабуылға қатысы бар адамдарды және оның ұйымдастырушыларын анықтап жатыр. Сондай-ақ тиісті сайттардың иелерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Әділовтің сөзінше, іс бойынша бірнеше сот сараптамасы тағайындалған. Тергеу тобы сараптама қорытындыларын күтіп отыр. Шабуылдың нақты қайдан жасалғаны және оны кім ұйымдастырғаны әзірге анықталмаған.