Қоғам

Депутат әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігі туралы айтты

Депутат әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігі туралы айтты

Құрылтай депутаты Олжас Құпсеков әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы жағдайлардың алдын алу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта әскерде ауқымды реформалар жүргізу қажет. Оның негізгі бағыттарының бірі – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету.

«Қазіргі жастардың шамамен 18 пайызы ғана әскерге шақырылады. Сондықтан, біріншіден, әскери қызметке өз еркімен барғысы келетін азаматтардың санын арттыру керек. Екіншіден, әскерге барғаннан кейін олардың қауіпсіздігін, денсаулығын және құқықтарын қамтамасыз ету маңызды», – деді Олжас Құпсеков.

Ол әскердегі тәртіпті күшейту үшін заң бұзған адамдарды нақты жауапкершілікке тарту қажет екенін айтты. Сондай-ақ әскери бөлімдерде бейнебақылауды күшейту мәселесіне тоқталды.

«Камера тәртіпті бақылауға көмектеседі. Бірақ мәселе тек казармадағы бейнебақылаумен шектелмеуі керек. Әскери бөлімдерде сарбаздардың санитарлық-гигиеналық жағдайы, душ қабылдауы, тамақтануы және сырттағы қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі қажет», – деді депутат.

Құпсековтің пікірінше, сержанттар мен сарбаздар арасында тікелей әрі сенімді қарым-қатынас орнату да маңызды. Әскери қызметшілерге адамгершілікпен қарау көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

 

Барлық жаңалық