Қазақстанда дәрігерлердің кәсіби мәртебесі мен құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеу ұсынылды. Бұл бастама 30 қыркүйекте Құрылтайдың пленарлық отырысында көтерілді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ұсынысқа сәйкес, «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызмет кепілдіктері туралы» жеке заң қабылдау қарастырылып отыр. Оның негізгі мақсаты — дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандықтың беделін арттыру және медицина қызметкерлерінің кәсіби шешімдерін құқықтық тұрғыдан қорғау.
Құрылтай депутаты Дана Медеуова дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік мәселе ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Дәрігер мәртебесі — биологиялық және ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң бақылау — ерекше назарымыздағы мәселе», — деді ол.
Бастама аясында медицина қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін олардың біліктілігін ескере отырып жетілдіру, дәрігерлерді артық бюрократиялық міндеттерден босату және кәсіби қызметіне қатысты нақты құқықтық кепілдіктер белгілеу ұсынылды. Сонымен қатар «врач» және «дәрігер» атауларын заңмен қорғау мәселесі көтерілді.
Депутаттың айтуынша, дәрігер ең алдымен науқасты емдеумен айналысуы керек, ал шамадан тыс есеп пен қағазбастылық оның негізгі жұмысына кедергі келтірмеуге тиіс. Бұдан бөлек, елдегі медицина кадрларының нақты тапшылығын бағалау және салада жұмыс істеп жүрген мамандарды сақтап қалу қажет.
Ұсынылған заң жобасында төтенше немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайларда дәрігерлердің жедел әрі дербес шешім қабылдауына мүмкіндік беретін өкілеттіктер мен құқықтық қорғаныс тетіктерін де қарастыру ұсынылады.
Бастамашылардың пікірінше, негізгі міндеттердің бірі — төмен жалақы мен кәсіби тәуекелдер салдарынан білікті мамандардың медицинадан кетуіне жол бермеу.
«Біздің міндетіміз — дәрігерлер төмен жалақының кесірінен мамандықтан кетпейтіндей және азаматтарымыздың игілігі үшін жұмысын жалғастыра алатындай жағдай жасау», — деді депутат.