Белгілі имам Данияр Кенжеұлы атышулы коуч Роза Әшірбаеваны ашық сынады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айтуынша коучтың "Күйеуден сұранудың қажеті жоқ" деген сөзі көптеген отбасыны шайқалтауы мүмкін.
Дінтанушы неліктен Роза коучтың пікір қайшы екенін жіктеп түсіндірді.
Желідегі парақшасына арнайы пост жариялаған.
"Сөзі мыңдаған әйелдің отбасылық шешіміне ықпал ететін адамның контенті нақты заң талаптарын бұзса, оған да «қоюшы қой» деп көз жұма қарамай, заң аясында құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылуын талап ету бөлек мәселе. Өйткені біреудің шаңырағын шайқалтатын сөзі «жеке пікір» деп жеңілдетуге болғанымен, сол сөздің астында қалған отбасының тағдырын қайтадан «жеке пікірмен» көтеріп бере алмайсың.
Қоғамда әйелге зұлымдық жасап жүрген еркектер бар. Мұны жоққа шығарған адам не өмір көрмеген, не көргісі келмейді. Бірақ бір еркектің зұлымдығын еркектің табиғатына апарып таңу қай әділетке сыяды? Күйеуінен қорлық көрген әйел бар екен деп күйеуді күдікке, енесінен жәбір көрген келін бар екен деп ененi жаулыққа айналдырып жіберсек, ертең отбасының ішінде кім кімге сенеді? Біз зұлымдықпен күресіп жатырмыз ба, әлде зұлымдықтың бір мысалын қолымызға ұстап алып, еркек пен әйелдің ортасына жік салып жатырмыз ба? Осының бәрін неге айтып отырмын? Соңғы уақытта Роза коучтың контентін көрген сайын әйелдің құқығын қорғау деген әңгіменің шекарасынан әлдеқашан шығып кеткенін байқаймын.
Мұндай контентке заң аясында құқықтық баға берілуі керек. Отбасы институты кім көрінгеннің контентіне жем болып, қаралымның құрбанына айналатын күнге жетсек — құрыған күніміз сол", - деп жазды имам.
Роза Әшірбаева да бұл жазбаға жауап қайтарып, сотқа беретінін айтты.
"Данияр мырза, қайырлы таң! Уағызыңыз жамағатыңызға пайда әкеле берсін. Мені заңмен жазалаймын деп өзіңіз заң бұзып отырсыз. Фотоны және есімді заңсыз пайдалану бойынша жауапкершілік: ҚР АК 145-бабы — бейнені келісімсіз пайдалану (өшіру және моральдық өтемақы белгіленеді); ҚР АК 143-бабы — жеке басымның ар-намысы мен беделіме нұқсан келтіру (сот белгілеген өтемақы төленсе); ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы — жала жабу. 20 тәулікке қамау немесе айыппұл. Деректер нотариалды тіркелді, материал жойылмаса, іс сотқа беріледі. ашық парақшадан алсаңыз да заң бойынша менің рұқсатымсыз суретімді, атымды қолдануға құқығыңыз жоқ. Инстаграмның өзіне де шағым тастадым. Сотта кездескенше", - деп жазды ол.