Қоғам

1,1 млрд теңге жымқыру: АШМ жемқорлық тәуекелі жоғары субсидия түрлерін алып тастаған

1,1 млрд теңге жымқыру: АШМ жемқорлық тәуекелі жоғары субсидия түрлерін алып тастаған

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Түркістан облысында суару машиналарын сатып алуға бөлінген субсидияны жымқыру дерегіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір субсидия бөлу процесі толық электронды форматқа көшірілген,деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Субсидия тек белгіленген талаптарға сай келетін және расталған өтінімдер бойынша беріледі. Өтінімдерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген базалардағы мәліметтер пайдаланылады. Осылайша, өтініш берушілерден мемлекеттік базаларда бар ақпаратты қайта сұрату қажеттілігі азайды», – деді Хатепова Құрылтайдағы брифингте.

Вице-министрдің сөзінше, бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар министрлік бұған дейін жемқорлық тәуекелі жоғары деп танылған бірқатар субсидия түрін тоқтатқан. Олардың қатарында селекциялық жұмыстар мен құдық қазуға берілетін субсидиялар бар.

Хатепова тергеу органдары қосымша ақпарат немесе түсіндіру сұратса, министрлік өкілдері бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ ведомство тергеуге қажетті деректерді ұсынуға көмектесетінін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субсидиясын жымқыру дерегін анықтаған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті іс жүзінде жеткізілмеген 37 жаңбырлатқыш машинаны сатып алуға жалған құжат рәсімдеп, бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгені өзіне қарасты компаниялардың шотына аударған. Қазір күдікті қамауда, тергеу жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық