Қазақстанда пәтер жалдау ақысы бір жылда 19,3 пайызға қымбаттады. Ал халықтың нақты жалақысы, керісінше, төмендеген. Мұндай жағдайда баспана сатып алу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бірі ай сайын пәтерақы төлегенше, ипотека алған дұрыс деп есептейді. Енді бірі ұзақ жылға қарызға батып, табысының едәуір бөлігін банкке төлеуге асықпайды. Шын мәнінде, қайсысы тиімді? Ипотекаға пәтер алу үшін қанша табыс қажет? Баспана сатып алғанда қандай шығындарды ескеру керек?
Пәтерақы қымбаттап жатыр, ал жалақы ше?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда жылдық инфляция 9,3 пайыз болды. Ал тұрғын үйді жалға алу ақысы бір жылда 19,3 пайызға өскен. Яғни пәтерақы жалпы инфляциядан екі еседен астам жылдам қымбаттаған. Бұл әсіресе баспанасы жоқ, ай сайын табысының едәуір бөлігін пәтерақыға жұмсайтын отбасаларға ауыр тиеді. Мысалы, бұрын айына 200 мың теңге төлеген отбасының жалдау ақысы 19,3 пайызға өссе, енді 238 600 теңге төлеуіне тура келеді. Сонда ай сайынғы шығыны 38 600 теңгеге, ал бір жылдық шығыны 463 200 теңгеге көбейеді. Бұл – ел бойынша орташа өсімді негізге алған шартты есеп. Нақты пәтерақы қалаға, ауданға және тұрғын үйдің жағдайына қарай өзгереді.
Ал халықтың табысы қымбатшылыққа ілесе алып жатыр ма? Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға көп. Бірақ инфляцияны есептегендегі нақты жалақы 1,8 пайызға төмендеген. Осы кезеңде медианалық жалақы 348 415 теңгені құрады. Яғни жұмыс істейтін азаматтардың жартысы осы сомадан аз, қалған жартысы одан көп жалақы алады. Егер айлығы 348 415 теңге болатын адам пәтер жалдауға 200 мың теңге жұмсаса, табысының 57 пайызы баспанаға кетеді. Қалған 148 мың теңгеге жуық қаражат күнделікті қажеттіліктерге қалуы тиіс. Оның үстіне бұл – салықтар мен міндетті төлемдер ұсталмаған жалақы. Демек, қолына алатын ақшасы бұдан да аз болады.
Баспана неге қымбаттай береді?
Қазақстанда тұрғын үй бағасына бірнеше жағдай әсер етеді. Соның ішінде құрылыс материалдарының құны, жұмысшылардың еңбекақысы, инфляция және баспанаға сұраныс бар. Әсіресе Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда жұмыс іздеп келетіндер көбейген сайын пәтерге қажеттілік те артады. Егер жаңа үйлер құрылысы сұранысты өтей алмаса, бағаға қосымша қысым түседі.
Тұрғын үй нарығының сарапшысы Қайрат Қожанов баспана бағасының өсуіне құрылыс саласының шетелдік материалдарға тәуелділігі де әсер ететінін айтады.
– Баға қымбаттауының басты себептерінің бірі – біздегі құрылыс саласының импортқа қатты тәуелділігі. Материалдардың көп бөлігі шетел валютасымен сатып алынады, ал теңгенің құнсыздануы сол материалдардың өз бағасын бірден өсіреді. Бұл, түптеп келгенде, әр шаршы метрдің бағасына тікелей әсер етеді, – дейді сарапшы.
Баспана бағасына жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар да ықпал етуі мүмкін. Өйткені мұндай бағдарламалар арқылы үй алуға ниетті адамдар көбейеді. Ал құрылыс компаниялары сұранысқа сай жеткілікті пәтер ұсына алмаса, нарықтағы баға өсуі ықтимал. Сондықтан тұрғындарға арзан несие беру мәселесін жаңа үйлер салу қарқынынан бөлек қарастыруға болмайды.
30 миллион теңгелік пәтерді ипотекаға алсақ, қанша төлейміз?
Қазақстанда баспана сатып алудың бір жолы – «7-20-25» бағдарламасы. Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылғы қазанда бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің шекті бағасы ұлғайтылды. Астана, Алматы және олардың маңындағы елді мекендерде, сондай-ақ Ақтау, Атырау мен Шымкентте бұл көрсеткіш 30 миллион теңгеге дейін көтерілді. Қарағандыда 25 миллион, өзге өңірлерде 20 миллион теңге болып белгіленді. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна кемінде 20 пайыз, жылдық мөлшерлеме 7 пайыз, несие мерзімі 25 жылға дейін.
Мысалы, Астанада 30 миллион теңгелік пәтер сатып алғыңыз келді делік. Ол үшін бастапқы жарнаға 6 миллион теңге жинауыңыз керек. Қалған 24 миллион теңгені банк береді. Егер осы соманы жылдық 7 пайызбен 25 жылға алсаңыз, ай сайын шамамен 170 мың теңге төлейсіз. Несиені мерзімінен бұрын жаппаған жағдайда 25 жылда банкке төлейтін жалпы қаражат шамамен 50,9 миллион теңгеге жетеді. Оның 24 миллионы – негізгі қарыз, ал 26,9 миллион теңгесі – банкке төленетін пайыз. Бастапқы жарнаны қосқанда, пәтердің жалпы шығыны 56,9 миллион теңгеге жуықтайды. Бұған жөндеу, жиһаз және басқа да шығындар кірмейді.
Ал дәл осындай пәтерді айына 200 мың теңгеге жалдасаңыз, бір жылда 2,4 миллион теңге, бес жылда 12 миллион теңге жұмсайсыз. Бұл есепте жалдау ақысы өзгермейді деп алынды. Әрине, уақыт өте пәтерақы өсуі мүмкін. Бірақ осы сандарға қарап ипотека міндетті түрде тиімді деген қорытынды жасауға болмайды. Өйткені үй сатып алушы бастапқы жарнаға қомақты ақша жинауы керек. Оған қоса, пәтерді жөндеу мен күтіп ұстау шығындары бар. Ал жалдап тұратын адам бастапқы жарнаға кететін ақшаны жинақтауға немесе басқа мақсатқа жұмсай алады. Дегенмен ипотека толық өтелген соң баспана адамның меншігінде қалады. Ал жалдау ақысына жұмсалған қаражат пәтерге меншік құқығын бермейді.
Ипотекаға асыққан адам қандай қателік жібереді?
Ұлттық банктің 2026 жылғы 2 қазанда жариялаған мәліметіне сәйкес, «7-20-25» бағдарламасы іске қосылғаннан бері 86 851 азаматқа жалпы сомасы 1,249 триллион теңге ипотекалық қарыз берілген. Бұл бағдарламаның мыңдаған адамның баспана алуына мүмкіндік бергенін көрсетеді. Бірақ несие рәсімдеу үшін бастапқы жарнаның болуы жеткіліксіз. Адамның тұрақты табысы мен ай сайынғы шығындары да маңызды.
Қайрат Қожановтың айтуынша, баспана сатып алушылардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – қаржылық мүмкіндігінен қымбат үй алуға ұмтылуы.

– Бірінші кезекте адамдар аз ақшасы болса да, үлкен әрі қымбат үйді алғысы келеді. Ол – үлкен қателік. Адам шамасына қарамайды. Біздің қоғамдағы басты қателігіміз – осы. Өйткені сіз банкке қаншалықты аз мөлшерде бастапқы жарна құйсаңыз, соншалықты артық төлем болады. Себебі банктің пайызы жоғары, – дейді ол.
Мәселен, отбасының ай сайынғы табысы 400 мың теңге болса, 170 мың теңгелік ипотека төлемі кірістің 42,5 пайызын құрайды. Қалған 230 мың теңгеге азық-түлік, коммуналдық қызмет, жолақы, балалардың қажеттілігі және басқа да шығындарды өтеу қажет. Ал отбасының жиынтық табысы 700 мың теңге болса, дәл сол ипотека төлемі кірістің шамамен 24 пайызын алады. Яғни бірдей бағамен алынған пәтер екі отбасының бюджетіне екі түрлі салмақ түсіреді. Оның үстіне ипотека 20–25 жылға рәсімделетінін ұмытпаған жөн. Осы уақыт ішінде адамның жұмысы, табысы мен отбасылық жағдайы өзгеруі мүмкін.
Бастапқы жарнасыз үй алу қаншалықты қауіпті?
Баспана сатып алғысы келетіндердің бәрінде бастапқы жарнаға жететін жинақ бола бермейді. Сондықтан кейбір азаматтар бұл ақшаны тұтынушылық несие арқылы табуға тырысады. Мұндай жағдайда адам бір мезгілде екі қарызды өтеуге мәжбүр болады. Оның бірі – ипотека, екіншісі – бастапқы жарна үшін алынған несие.
Қайрат Қожанов мұндай тәсілдің қауіпті екенін ескертеді.
– Бірақ көпшілік мұндай кепілі болмаған соң, бастапқы жарнаны жабу үшін тұтынушылық несие алады. Сол несиеге алған ақшаны алғашқы жарна ретінде құяды. Нәтижесінде, қарыз алушының мойнына бірден екі міндеттеме жүктеледі. Олар – ипотеканың ай сайынғы төлемі және бастапқы жарнаны өтеуге алған қарыз, – дейді сарапшы.
Мысалы, азамат бастапқы жарнаға қажет 6 миллион теңгені жинаудың орнына несиеге алса, ипотекалық төлемнен бөлек, сол қарызды да өтеуі керек. Ал тұтынушылық несиенің мөлшерлемесі ипотекадан жоғары болуы мүмкін. Соның салдарынан отбасының ай сайынғы шығыны едәуір көбейеді. Егер табысы азайса немесе күтпеген жағдай туындаса, екі несиені қатар төлеу қиындайды. Сондықтан бастапқы жарнасы жоқ азамат үшін біраз уақыт пәтер жалдап, ақша жинау қауіпсіздеу шешім болуы мүмкін.
Қай кезде пәтер жалдап тұрған тиімді?
Жалдамалы баспананың басты кемшілігі – ай сайын төленген ақша адамның жеке мүлкіне айналмайды. Оның үстіне пәтер иесі жалдау ақысын көтеруі немесе келісімшарт мерзімі аяқталған соң баспананы босатуды сұрауы мүмкін. Бірақ пәтер жалдаудың да тиімді тұстары бар. Мысалы, басқа қалаға көшуі мүмкін немесе тұрақты жұмысы әлі қалыптаспаған адам үшін жалдамалы баспана қолайлы болуы ықтимал. Сондай-ақ бастапқы жарнаға ақша жинап үлгермеген азамат пәтер жалдап жүріп, белгілі бір соманы жинақтай алады.
Ал ипотека алуды жоспарлаған адам ай сайынғы төлемнің қалай есептелетінін де білуі керек. Қазақстанда несиені өтеудің аннуитеттік және негізгі қарызды тең үлеспен төлеу тәсілдері бар. Біріншісінде ай сайынғы төлем тұрақты болады. Екіншісінде алғашқы төлемдер жоғары болып, кейін біртіндеп азаяды.
Қайрат Қожанов табысы тұрақты азаматтар үшін аннуитеттік төлемді қолайлы деп есептейді.
– Ал қазақстандықтардың орташа табысы көбіне қатты өзгермейтін болғандықтан, аннуитеттік төлем әлдеқайда қауіпсіз. Айлық жүктемені нақты жоспарлап, себебі ол кіріс‑шығысын алдын ала есептеуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Дегенмен аннуитеттік төлемнің ай сайын бірдей болуы оның жалпы шығыны міндетті түрде аз деген сөз емес. Сондықтан несие аларда банкке қанша артық ақша төленетінін де есептеу қажет.
Сонда қайсысы тиімді?
Ресми статистикаға қарасақ, Қазақстанда пәтер жалдау ақысы халықтың табысынан жылдамырақ өсіп отыр. 2026 жылғы қыркүйекте пәтерақы бір жылда 19,3 пайызға қымбаттаса, екінші тоқсанда нақты жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіштер әртүрлі кезеңге қатысты болғанымен, тұрғын үй шығындарының халық бюджетіне түсіретін салмағын аңғартады.
Егер отбасының тұрақты табысы, жеткілікті бастапқы жарнасы және күтпеген шығындарға арналған жинағы болса, ипотека арқылы баспана алу тиімді болуы мүмкін. Ал бастапқы жарнасы жоқ, табысы тұрақсыз немесе жақын жылдары басқа қалаға көшуді жоспарлап жүрген адам үшін пәтер жалдау қолайлырақ.
Баспана сатып алғанда оның бағасы мен ипотеканың ай сайынғы төлеміне ғана қарау жеткіліксіз. Жөндеу, жиһаз, коммуналдық қызмет, тұрғын үйді күтіп ұстау және басқа да шығындарды есептеу қажет. Сондықтан «пәтерақы төлегенше, ипотека төлеген дұрыс» деген пікір барлық жағдайда бірдей тиімді бола бермейді. Бір отбасы үшін ипотека жеке баспанаға қол жеткізудің жолы болса, екіншісі үшін ұзақ жылға созылатын қаржылық ауыртпалыққа айналуы мүмкін. Ең маңыздысы – үй сатып алғаннан кейін отбасының күнделікті өміріне қанша қаражат қалатынын алдын ала есептеу.