Жаңалықтар

KNUS кімге тиесілі: Нұрасыл Медеу университеттің меншік құрылымын түсіндірді

KNUS кімге тиесілі: Нұрасыл Медеу университеттің меншік құрылымын түсіндірді

Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) құрылтайшысы Нұрасыл Медеу оқу орнының кімге тиесілі екенін түсіндірді. Ол «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында университеттің 95 пайызы жеке меншікте, ал 5 пайызы мемлекетке тегін берілгенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Нұрасын Медеудің сөзінше, университет орналасқан ғимарат толығымен мемлекетке тиесілі. Ол бюджет қаражатына салынған, ал KNUS ғимаратты сенімгерлік басқару шарты негізінде пайдаланып отыр.

«Ғимарат толығымен мемлекетке тиесілі. Ол бюджет қаражатына салынған. Біз тек осы ғимараттың операторымыз. Яғни KNUS заңды тұлға ретінде ғимаратты сенімгерлік басқару шарты негізінде басқарады», - деді Нұрасыл Медеу.

Оның айтуынша, келісім бойынша университет ғимаратты күтіп ұстауға және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге міндеттелген.

«Біз ғимаратты басқаруға қатысты белгілі бір міндеттемелерді өз мойнымызға алдық. Ең алдымен, оны қажетті мазмұнмен толтыруымыз керек. Мұндағы барлық жабдық KNUS пен жеке қаражатымыз есебінен алынған. Мамандарды жинау, команда құру, ғимаратты басқару және күтіп ұстау да біздің жауапкершілігімізде. Бір немесе екі жылдан кейін ғимараттың тозып, бұзылып қалмауын қамтамасыз етуіміз керек», - деді ол.

Сұхбат барысында журналист университеттің меншік құрылымын да сұрады.

«Құрылым мынадай: университеттің 95 пайызы жеке меншікте, ал 5 пайызы мемлекетке, «Қазспортинвестке» сыйға тарту шарты бойынша берілген. Яғни бұл үлес мемлекетке тегін өтті. Негізінде оны сатуға да болатын еді, бірақ біз оның қажеті жоқ деп шештік», - деді Медеу.

Оның айтуынша, мемлекеттің университет үлесіне ие болуы оқу орнының қызметін бақылауға мүмкіндік береді.

«Қазір университеттің меншік құрылымына мемлекеттік ұйым қатысқандықтан, біз есеп беруге міндеттіміз. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді. Мемлекет біздің не істеп жатқанымызды, қалай жұмыс істейтінімізді тексереді», - деді ол.

Нұрасыл Медеу мұндай ынтымақтастық мемлекет үшін де тиімді екенін айтты.

«Стратегиялық тұрғыдан бұл мемлекет үшін өте дұрыс бағыт деп ойлаймын. Біз барлық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Ал мемлекет университеттің жұмысын көріп, сапасын және басқа да көрсеткіштерін бақылап отырады», - деді құрылтайшы.

Нұрасыл Медеу сұхбатта IT саласындағы жобалары туралы да айтып берді. Оның сөзінше, ол Бостонда компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша білім алған.

«Мен Бостонда Computer Science бағытын оқыдым. Бұл менің мамандығым. KNUS-тен бөлек, IT саласында да жұмыс істеймін. Біздің бағдарламалық қамтамасыз етудің түрлі өнімдерін әзірлейтін мамандар командасы бар», - деді ол.

Ол мемлекет тарапынан университет ашу туралы тапсырма берілгенін естігенде, жаңа мүмкіндік көргенін жеткізді.

«Мұны жасырмаймын. Мемлекет тарапынан университет ашу туралы тапсырманы естігенде, үлкен мүмкіндік бар екенін түсіндім. Нарықтық талаптарға сай мамандар командасын жинадық. Оның ішінде бағдарламалық өнім әзірлеумен айналысқан өз командамыз да болды», - деді ол.

Оның айтуынша, оқу орнын ашу үшін барлық қажетті жұмыстар жүргізілген.

«Команданы толық жинадық. Бәрі жалпыға бірдей нарықтық талаптармен жүзеге асты. Лицензия алу, білім беру бағдарламаларын талқылау және басқа мәселелердің бәрін пысықтап, университетті аштық», - деді Медеу.

Құрылтайшы әлеуметтік желілерде тараған жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы пікірлермен келіспейтінін айтты.

«Әлеуметтік желілерде бізге қандай да бір артықшылықтар берілді деп жазады. Мен мұндай әңгімелердің қайдан шыққанын түсінбеймін. Сіздер де университет ашып, лицензия алыңыздар. Мен мұнда ешқандай ерекше артықшылық көріп тұрған жоқпын», - деді ол.

Сұхбат беруші өзінің негізгі мақсаты жастардың дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.

«Басты мақсатымыз, әрине, жастарды дамыту. Мен жастарымыздың әлеуетін, үлкен жетістіктерге жетуге деген ұмтылысын көріп жүрмін. Бұл спортқа да, IT саласына да қатысты», - деді ол.

Құрылтайшы қазақстандық жастардың халықаралық бағдарламалау және жасанды интеллект олимпиадаларында жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін айтты.
Ол қазақстандықтар құрған «Hexfield» және «DeepInfra» компанияларын да мысалға келтірді.

«Бізде бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың көптеген жүлдегері бар. Қазақстандықтар құрған стартаптар да дамып келеді. Мысалы, Hexfield, DeepInfra және басқа компаниялар бар. Бұлар үлкен әлеуеті бар компаниялар», - деді Нұрасыл Медеу.

Кейіпкер пікірінше, Қазақстанда ғылыми зерттеулерді дамытуға және жастардың өз жобаларын кәсіпке айналдыруына жағдай жасау қажет.

«Біз зерттеу бағытын дамытып, оны алға жылжытуымыз керек. Жастар белгілі бір іспен айналысып қана қоймай, сол салаға толықтай ден қоюы тиіс. Оларға өз идеяларынан стартап, бизнес құруға мүмкіндік беруіміз қажет», деді ол.

Оның сөзінше, бұл «Кайру» жобасының да негізгі міндеттерінің бірі.

«Басты міндеттердің бірі осы деп ойлаймын. Бұл еліміздің және жастарымыздың дамуы үшін қажет. Жастардың жаңа дүниелер жасауға мүмкіндігі де, ынтасы да болуы керек», деді Нұрасыл Медеу.

 

Барлық жаңалық