Қоғам

«Олардың бәрі есінен адасқан»: Нобель сыйлығын кеше ғана алған жазушы жеңісіне таңғалды

«Олардың бәрі есінен адасқан»: Нобель сыйлығын кеше ғана алған жазушы жеңісіне таңғалды

2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық ақын, жазушы және аудармашы Энн Карсонға берілді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

76 жастағы қаламгер марапатқа ие болғанын естігенде таңданысын жасырмаған.

Швед академиясы 8 қазанда Энн Карсонның әдебиеттегі батыл ізденістері мен жаңашыл шығармашылығын жоғары бағалады. Жазушы антикалық әдебиет дәстүрлерін қазіргі заманмен ұштастырып, поэзия мен прозаның қалыптасқан шекарасынан шығатын туындыларымен танылған.

Жеңімпаздың есімі жарияланған кезде Энн Карсон Исландияда болған. Швед академиясының тұрақты хатшысы Ингрид Карлбергтің айтуынша, жазушы марапат туралы хабарды күтпеген.

Карсон Исландияның RÚV телерадиокомпаниясына берген сұхбатында Нобель сыйлығына ие болғанына қатысты әзілмен жауап берген.

– Меніңше, олардың бәрі есінен адасқан. Енді кітабымның мұқабасына арнайы жапсырма жапсыратын шығармын, – деген жазушы.

Энн Карсон 1950 жылы Канаданың Торонто қаласында дүниеге келген. Ол көне грек әдебиетін зерттеп, Солтүстік Американың бірнеше университетінде сабақ берген.

Жазушының танымал еңбектерінің қатарында «Autobiography of Red», «Eros the Bittersweet», «Nox» және «Red Doc>» кітаптары бар. Оның шығармаларында ежелгі мифология, махаббат, адам тағдыры, қайғы мен жоғалту тақырыптары кеңінен қозғалады.

Карсонның ерекшелігі – бір шығарманың ішінде өлеңді, прозаны, драманы және ғылыми пайымдауды қатар қолдануы. Әдебиеттанушылар оның шығармашылығын дәстүрлі жанрлық шекараларды кеңейткен жаңашыл бағыт ретінде бағалайды.

Биыл Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері 12 миллион швед кронына дейін ұлғайтылды. Бұл шамамен 1,2 миллион АҚШ долларына тең. Сыйлық мөлшерінің өсуі Нобель сыйлығының тағайындала бастағанына 125 жыл толуымен байланысты.

Айта кетейік, 2025 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын венгр жазушысы Ласло Краснахоркаи алған болатын.

Барлық жаңалық