Қазақстанда несие алған адам қайтыс болса, оның банктегі қарызы автоматты түрде кешірілмейді. Дегенмен марқұмның туыстары да берешекті барлық жағдайда өтеуге міндетті емес. Мұндай кезде қарыздың тағдыры мұрагерлікке және несие шартының талаптарына байланысты шешіледі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1081-бабына сәйкес, мұраны қабылдаған азаматтар қайтыс болған адамның қарыздары бойынша өздеріне өткен мүліктің құны шегінде жауап береді.
Мысалы, марқұмның банкке 5 миллион теңге қарызы болып, мұрагеріне 2 миллион теңгенің мүлкі қалса, оның жауапкершілігі сол 2 миллион теңгемен шектеледі. Яғни банк мұрагерден қалған 3 миллион теңгені тек мұрагер болғаны үшін жеке қаражатынан төлеуді талап ете алмайды.
Ал қайтыс болған адамның жұбайы немесе балалары мұраны қабылдамаса, тек туыстық қатынасына байланысты несиені өтеуге міндеттелмейді. Дегенмен олар несие бойынша қосалқы қарыз алушы немесе кепілгер болса, жағдай өзгеше болуы мүмкін.
Несие сақтандырылған болса не болады?
Кейбір азаматтар несие рәсімдеген кезде өмірін сақтандырады. Егер қарыз алушы қайтыс болып, бұл жағдай сақтандыру шартында көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, берешекті сақтандыру компаниясы өтеуі мүмкін.
Бірақ сақтандырудың болуы қарыздың міндетті түрде толық жабылатынын білдірмейді. Өйткені әр келісімшартта сақтандыру төлемін жасау шарттары мен шектеулері болады.
Сондықтан марқұмның жақындары алдымен банктен несие шарты мен сақтандыру құжаттарын сұратып, берешектің нақты мөлшерін анықтағаны жөн.
Қарыз көп болса, мұрадан бас тартуға бола ма?
Қазақстан заңнамасы азаматтарға мұрадан бас тарту құқығын береді. Азаматтық кодекстің 1074-бабына сәйкес, мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде нотариусқа тиісті өтініш бере алады.
Десе де мұраның тек қарызынан бас тартып, үйін немесе көлігін қабылдап алуға болмайды. Мұрадан бас тарту, заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, мұраның толық көлеміне қатысты болады.
Тағы бір маңызды жайт – мұрадан бас тарту туралы шешімді кейін қайтарып алуға болмайды. Сондықтан мұндай қадамға бармас бұрын марқұмның мүлкі мен қарыздарын толық анықтап алған дұрыс.
Осылайша, қайтыс болған адамның несиесі оның туыстарына автоматты түрде жүктелмейді. Қарызды өтеу міндеті мұраны қабылдау жағдайына, мұраға өткен мүліктің құнына және өзге де құқықтық міндеттемелерге байланысты анықталады.