Әлем

Қытайлық кәсіпкер үздік қызметкерлеріне 20 миллион теңгеге BMW көлігін сыйлады

Қытайлық кәсіпкер үздік қызметкерлеріне 20 миллион теңгеге BMW көлігін сыйлады

Қытайдың Хэнань провинциясындағы Цзяоцзо қаласында мейрамхана иесі Ма Яньли үздік қызметкерлеріне екі жаңа BMW автокөлігін сыйға тартты. Кәсіпкердің айтуынша, бұл қадам қызметкерлердің еңбегін бағалап, олардың жұмысқа деген ынтасын арттыру мақсатында жасалған, деп хабарлайды Ozgeris.info

Oxu.Az басылымының мәліметінше, кәсіпкер қыркүйек айының соңында қызметкерлерінің күн сайын электр самокатпен жұмысқа қатынайтынын байқап, әсіресе қолайсыз ауа райында жол жүру оларға қиындық туғызатынына назар аударған. Осыдан кейін ол үздік қызметкерлерін ерекше марапаттауды ұйғарып, оларды BMW автосалонына апарған. Көліктердің ақысын алдын ала толық төлеп қойған.

South China Morning Post басылымының хабарлауынша, сыйлыққа екі үздік қызметкер ие болған. Әр автокөліктің құны шамамен 45 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл сол кездегі бағаммен 20 миллион теңгеден асады.

Ма Яньли мейрамхананың дамуы бүкіл ұжымның еңбегіне байланысты деп санайды. Сондықтан кәсіпкер қызметкерлерінің жетістігін бағалап, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға үлес қосуды маңызды деп есептейді. Кәсіпкердің бұл әрекеті қызметкерлерге деген құрметтің ерекше үлгісі ретінде назар аударды.

Барлық жаңалық