Қазақстанда ресми жұмыс істейтін азаматтардың еңбек шартында көрсетілген жалақысы мен қолына алатын ақшасы бірдей бола бермейді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Себебі еңбекақыдан міндетті зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да төлемдер ұсталады. Ал кей жағдайда қызметкердің келісімінсіз немесе заңда көзделген негіздерсіз ақша ұстап қалу мәселесі туындауы мүмкін.
Жалақыдан қандай төлемдер ұсталады?
Қазақстанда жұмыскердің табысынан әдетте мынадай міндетті төлемдер ұсталады:
- Міндетті зейнетақы жарнасы – жалақының 10 пайызы.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы – жалақының 2 пайызы, заңда белгіленген шекте ескеріледі.
- Жеке табыс салығы – 2026 жылдан бастап табыс мөлшеріне қарай 10 немесе 15 пайыздық мөлшерлемемен есептеледі. Бұл ретте салық салынатын табыс пен заңда көзделген шегерімдер ескеріледі.
Сондықтан еңбек шартында 400 мың теңге көрсетілген қызметкердің қолына дәл осы сома түспейді.
Жұмыс беруші жалақыдан айыппұл ұстай ала ма?
Кейбір мекемелерде қызметкер жұмысқа кешіккені, тапсырманы уақытында орындамағаны немесе басқа да тәртіп бұзушылықтары үшін жалақысынан ақша ұсталып қалатынын айтып жатады.
Алайда Қазақстанның еңбек заңнамасында жұмыс берушінің өз қалауымен ақшалай айыппұл салуына жол берілмейді.
Еңбек кодексінде тәртіптік жазаның ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс және белгілі бір негіздер бойынша еңбек шартын бұзу сияқты түрлері қарастырылған.
Ал жалақыдан ақша ұстап қалу заңда көзделген негіздер болғанда ғана жүзеге асырылады.
Жалақы дұрыс есептелгенін қалай білуге болады?
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге жалақысының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұсталымдардың мөлшері мен негіздері туралы ай сайын жазбаша немесе электронды түрде хабарлауға міндетті.
Егер қызметкер қолына түскен ақшаның неге азайғанын түсінбесе, бухгалтериядан есеп айырысу парағын сұрата алады.
Сондай-ақ зейнетақы жарналарының аударылғанын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жеке кабинетінен немесе eGov арқылы тексеруге болады.
Жалақыны заңсыз ұстау анықталса, не істеу керек?
Егер жұмыс беруші жалақыдан негізсіз ақша ұстаса, қызметкер алдымен оның себебін жазбаша түсіндіруді талап ете алады.
Мәселе шешілмеген жағдайда еңбек инспекциясына жүгінуге немесе заңда белгіленген тәртіппен еңбек дауын қарауға бастамашылық жасауға болады.
Ең бастысы, жұмыскер еңбек шартында көрсетілген жалақы мен нақты төленген соманың айырмасын білуге және әрбір ұсталымның негізін сұрауға құқылы.