Өскемен қаласында полиция қызметкерін өлтірді деген күдікке ілінген ер адам ауруханада емделіп жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам мамандандырылған медициналық орталықта емделіп жатыр.
– Науқас нейрохирургия бөлімшесінде қажетті ем қабылдауда. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Алдағы күндері оны ауруханадан шығарады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұған дейін күдіктінің туыстары әлеуметтік желіде ер адамның ұсталғаннан кейін соққыға жығылғаны туралы мәлімдемелер жариялаған болатын. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етті. Алайда бұл мәлімдемелер әзірге ресми түрде расталған жоқ.