Спорт

Олисе "Реал Мадрид" үшін «Бавариядан» кете ме?

Олисе "Реал Мадрид" үшін «Бавариядан» кете ме?

Sky Sport басылымының мәліметіне сүйенсек, франциялық шабуылшы Майкл Олисе мансабын «Реал Мадридте» жалғастыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Алайда футболшы басқа клубтардың ұсыныстарына қызығушылық танытпайды, деп хабарлайды Ozgeris.info

Дереккөздің мәліметінше, 24 жастағы ойыншы Мюнхеннің «Бавариясынан» тек мадридтік «Реалдың» нақты әрі салмақты ұсынысы түскен жағдайда ғана кетуі мүмкін. Егер испаниялық клуб тарапынан мұндай ұсыныс болмаса, Олисе Германия командасындағы мансабын жалғастыруға дайын.

«Бавария» рекордтық келісімшарт ұсынбақ

Мюнхендік клуб француз футболшысын өз қатарында сақтап қалуға ниетті. Осы мақсатта «Бавария» Олисемен жаңа келісімшарт жасасып, оған клуб тарихындағы ең жоғары жалақыны ұсынуы мүмкін.

Ақпаратқа сәйкес, ұсынылатын жалақы Гарри Кейн мен Джамал Мусиаланың табысынан да жоғары болуы ықтимал. Бұл клуб басшылығының француз ойыншысына қаншалықты үлкен мән беретінін көрсетеді. Дегенмен Олисенің болашағы «Реал Мадридтің» ықтимал ұсынысына да байланысты болуы мүмкін.

Спорт сарапшысы Тұрар Кенжеғалиев француз шабуылшысы Майкл Олисенің болашағына қатысты пікір білдіріп, «Реал Мадрид» клубына футболшыны қатарына қосу үшін жедел әрекет ету керектігін айтты.

«Олисе – өз клубының да, Франция құрамасының да талантты ойыншыларының бірі. «Бавария» оны өз қатарында сақтап қалу үшін барын салуы керек. Десе де, ол «Реал Мадридтің» ойынын күшейте алатын футболшы. Олисе «Реалды» Чемпиондар лигасының жеңісіне жетелейді деп ойлаймын. Сондықтан мадридтік клуб тезірек әрекет етуі керек», – деді Тұрар Кенжеғалиев.

Олисенің «Бавариядағы» көрсеткіштері

Майкл Олисе «Баварияға» 2024 жылдың шілдесінде «Кристал Пэлас» клубынан ауысты. Мюнхендік команда оның трансфері үшін 60 миллион еуро төлеген. Франциялық футболшы қысқа уақыт ішінде команданың негізгі ойыншыларының біріне айналып, шабуылдағы нәтижелі әрекеттерімен көзге түсті. Ол Германия чемпионатында, Суперкубокта және ел кубогында жеңіске жетті.

Олисе осы маусымда жеті матчта сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берген. Оның «Бавариямен» қолданыстағы келісімшарты 2029 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Ал Transfermarkt бағалауындағы нарықтық құны 180 миллион еуроны құрайды. Осылайша, «Бавария» жұлдызды ойыншысын сақтап қалу үшін қаржылық тұрғыдан тиімді ұсыныс дайындап жатса, «Реал Мадрид» француз шабуылшысының мансабындағы басты ықтимал бағыттардың бірі болып отыр.

Барлық жаңалық