Маңғыстауда екі баласына 6,4 миллион теңге қарыз болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұрынғы әйелі талап еткен алиментті жылдар бойы төлемей келген азамат енді 1 жыл бостандығын шектеу жазасын өтейтін болады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Lada порталының айтуынша, М. есімді тұрғын балаларына ай сайын табысының үштен бір бөлігін төлеуі тиіс болған. Алайда, бұл міндетін елемей, кейінгі бірнеше жылда 6 миллионнан астам қарыз жинап алған. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол кінәсін толық мойындап, қарызын өтеуге ниетті екенін айтқанымен, қаржылық мүмкіндігі жоғын алға тартты.
Сот айыпталушының шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырып, бостандығын шектеу жазасымен шектелді. Бұл жазаның мәні ол енді белгілі бір уақыт аралығында пробациялық бақылауда болады және шетелге шығу, түнгі уақытта үйден тысқары жүру сияқты шектеулер қойылады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.