📰 Сарапшылар пікірі

МӘМС: Жүйедегі түйткілдер шешімін таба бастады ма?

Өткен айда Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға өзгерістер енгізіп, құжатқа қол қойған еді. Бұл өзгерістер қоғамда көп талқыланып жүрген медициналық сақтандыру жүйесін оңтайландыруға бағытталған, деп сараптайды Ozgeris.info. 

Халықтың сұранысы өсіп келеді

2018 жылдан бері Қазақстан халқы 7%-ға артқан. Есесіне, дәрігер көмегіне жүгінетіндер де көбейген. Әсіресе, 60 жастан асқан азаматтардың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші 28%-ға, балалар арасында – 18%-ға өскен. Бұған қоса, бес негізгі созылмалы инфекциялық ауруға шалдығу деңгейі 9%-ға артқан. Бұл жағдай денсаулық сақтау саласына түсетін жүктеменің арта түскенін көрсетеді.

Негізгі өзгеріс – бірыңғай пакет

Саланы тұрақты қаржыландырудағы мәселелер мен медициналық көмектің қайталануы бұрын көп сынға ұшыраған. Енді осыны шешу үшін жаңа қадам жасалып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова түсіндіргендей, басты жаңалық – Бірыңғай пакеттің енгізілуі.

«Жаңа тәсілдердің басты жаңалығының бірі – Бірыңғай пакетті енгізу. Бұл медициналық көмектегі қайталануды жойып, жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылдан бастап ТМККК мен МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен біріктіреді. Оның алғашқы кезеңі 2025 жылдан басталады. Осының арқасында кең таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмектер сақтандырылған мәртебесінің бар-жоғына қарамастан барлық азаматқа кепілді түрде көрсетіледі. 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесінде ашық әрі сақтандыруға негізделген қаржыландыру моделі қалыптасады. Әр пациент қажетті медициналық көмекті дер кезінде ала алады. Ресурс тиімді бөлінеді. Осылайша, тиімді және әділ медициналық қызмет көрсету моделі қалыптасуға тиіс»,  деді Л. Шоманова.

МӘМС жарнасын төлеу тәртібі өзгереді

Келер жылдың қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін реформалау аясында жарналар мен аударымдарды есептеу тәртібі өзгереді. Бұл өзгеріс, ең алдымен, жоғары жалақы алатын азаматтарға қатысты әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Есептеу шегі артады

Жаңа нормаға сәйкес:

жұмыс берушілер үшін – ай сайынғы табыстың ең жоғары шегі 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) 40 ЕТЖ-ға дейін өседі;

қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ-ға дейін белгіленеді.

Бұған дейін жоғары табыс табатын азаматтар сақтандыруға аз жарна төлеп келгендіктен, жасырын жеңілдік болған еді. Енді 2026 жылдан бастап олардың жүйеге қатысуы «әділ әрі тең» болмақ.

Қосымша қаржы көздері

Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманованың айтуынша:

«Аталған өзгеріс шамамен 9% жалдамалы қызметкерлер мен олардың жұмыс берушілерін қамтиды. Сонымен қатар жыл сайын шамамен 200 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы ресурсы түседі. Қаражат МӘМС аясындағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады. Бұл шешім денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға және азаматтардың табысына сай жарна төлеуді көздейтін ынтымақтастық қағидатын күшейтуге бағытталған»,  дейді ол.

Мемлекет тарапынан үлес артады

2027 жылдан бастап МӘМС-ке мемлекеттен түсетін жарнаның мөлшері де кезең-кезеңімен өсіріледі. Бұл жұмысшылар мен жұмыс берушілерге қосымша салмақ түсірмей, жүйенің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоспар бойынша, мемлекеттік жарна үлесі қазіргі 2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін көтеріледі. Осы өзгеріс нәтижесінде жүйеге қосымша 2,8 триллион теңге көлемінде қаржы тарту көзделіп отыр.

Жергілікті бюджет есебінен кімдер сақтандырылады?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде көптен бері талқыланып жүрген мәселенің бірі – жұмыссыздар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың жарнасы. Бұған дейін олар сақтандыру жүйесіне кіре алмай жүрген еді. Енді жаңа өзгерістерге сәйкес, бұл мәселе жергілікті бюджет есебінен шешілмек.

Былтыр өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы:

«Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс»,  деген болатын.

Сол тапсырмадан кейін халықты МӘМС жүйесімен көбірек қамтуға бағытталған нақты шаралар қабылданды.

Бүгінде елімізде 16,7 млн адам сақтандырылған. Бұл – халықтың 82,3%-ы. Оның ішінде 12,1 млн адам жеңілдік санатына кіреді. Ал 3,3 млн азамат жүйеден тыс қалған. Олардың 2,4 миллионының жағдайы жақсы немесе қанағаттанарлық деңгейде. Шамамен 1 млн адам табысы төмен, отбасының негізгі қажеттілігін әзер өтеп отырғандар.

Жаңа заңға сәйкес, табысы төмен және әлеуметтік осал азаматтардың жарнасын жергілікті әкімдіктер төлейді. Бұл төлем адамдар медициналық көмекке жүгінген кезде жүргізіледі. Сонымен қатар ресми жұмыссыздардың да жарнасы жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мұның нәтижесінде жүйеге жаңа адамдар қосылатынын айтады.

 

Барлық жаңалық