📰 Сарапшылар пікірі

Ломбардтағы қарыздың қандай зияны бар?

Ломбардтағы қарыздың қандай зияны бар?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ломбардтан алынған қарыз кредит немесе ипотека алуға тікелей кедергі болмайды. Алайда ол қаржы ұйымдарының шешіміне әсер етуі мүмкін. Себебі банктер мен микроқаржы ұйымдары өтінімді қарау кезінде қарыз алушының қаржылық жағдайын, төлем қабілеттілігін және жалпы борыш жүктемесін кешенді түрде бағалайды, деп жазады Ozgeris.info.

Ломбардтағы қарыз көпшілік ойлағандай «жеке тұрған» немесе есепке алынбайтын міндеттеме емес. Керісінше, ол да басқа кредиттермен қатар қарастырылады. Егер қарыз алушы барлық төлемін уақытында орындап отырса, бұл үлкен мәселе туғызбауы мүмкін. Бірақ мерзімі өткен берешек болса, жағдай өзгереді. Мұндай жағдайда кредит алу мүмкіндігі төмендейді. Себебі ломбард алдындағы берешек те басқа кредиттер мен микрокредиттер сияқты борыш жүктемесін есептеу кезінде толық ескеріледі.

Бұл жерде тағы бір маңызды жайт бар. Ломбардтар қарыз туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге міндетті. Яғни бұл қарыз «көрінбейтін» емес. Ол да қаржылық тарихтың бір бөлігі ретінде тіркеледі. Себебі мұндай қарыздар да ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық қағидаттарымен беріледі.

Қарыз уақытында өтелмеген жағдайда белгілі бір рәсімдер қарастырылған. Ломбард кепілге қойылған мүлікті бірден сатпайды. Заң бойынша ол затты кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы уақыт ішінде қарыз алушы берешегін өтеп, өз мүлкін қайтарып ала алады. Бұл – қарыз алушыға берілген мүмкіндік.

Ал егер осы мерзім ішінде қарыз өтелмесе, ломбард кепілді сатуға немесе оны өз меншігіне рәсімдеуге құқылы. Мұндай жағдайда кепіл шарты мен микрокредит шарты өз күшін жояды. Қарыздың тоқтатылғаны арнайы құжаттармен расталады. Олардың қатарында кепілді сату актісі немесе мүлікті ломбардтың меншігіне беру туралы шешім және қарыздың өтелгені жөніндегі анықтама бар.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері былай деп түсіндіреді:


«Ломбардтан ресімделген қарыз кредит немесе ипотека алуға кедергі болмайды, алайда ол қаржы ұйымының шешіміне әсер етуі мүмкін. Өтінімді қарау кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының қаржылық жағдайын және оның қарыздарын өтеу қабілетін бағалайды. Кредиттік тарих пен борыш жүктемесінің деңгейі маңызды рөл атқарады. Егер қарыз алушының ломбард алдында мерзімі өткен берешегі болса, бұл мақұлдау мүмкіндігін азайтады. Мұндай міндеттемелер борыш жүктемесін есептеу кезінде басқа кредиттермен және микрокредиттермен тең ескеріледі. Ломбардтар қарыздар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге міндетті, себебі мұндай қарыздар басқа қарыздарға ұқсас, ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарында беріледі», деп хабарлайды агенттік.

Сонымен қатар кредит беру туралы түпкілікті шешімді әрбір қаржы ұйымы дербес қабылдайды. Бұл ретте заңнамалық талаптармен қатар, ұйымның ішкі саясаты, қарыз алушының төлем қабілеттілігі және тәуекел деңгейі ескеріледі.

Осы тұрғыдан алғанда, ломбардтағы қарызды жеңіл қаржылық құрал ретінде қабылдау дұрыс емес. Ол да толыққанды міндеттеме. Уақытында өтелсе – мәселе туындамайды. Ал кешіктірілсе, оның салдары кейінгі қаржылық мүмкіндіктерге әсер етуі ықтимал.

 

Барлық жаңалық