Елімізде лизинг нарығының көлемі 3,3 триллион теңгеге жуықтағанымен, оның басым бөлігі әлі күнге дейін квазимемлекеттік құрылымдардың үлесінде қалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, елде өндіріс пен инвестицияны жеделдетудің тиімді құралы саналатын лизинг жүйесі толыққанды дамымаған. Экономистер мұны салықтық ынталандырудың әлсіздігімен, заңнамалық кедергілермен және жеке лизинг компаниялары үшін қаржыландырудың қымбаттығымен байланыстырады, деп жазады Ozgeris.info.
Экономист Ғалым Құсайынов «Қазлизинг» қауымдастығы ұйымдастырған конференцияда Қазақстандағы лизинг саласының негізгі проблемалары мен оны дамыту жолдарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда лизинг нарығының 90-95 пайызын Өнеркәсіпті дамыту қоры мен «ҚазАгроҚаржы» секілді квазимемлекеттік ұйымдар иеленіп отыр.
«Қазақстандағы лизинг нарығының жалпы көлемі шамамен 3,3 триллион теңге деңгейінде. Оның 90–95 пайызы екі квазимемлекеттік компанияның үлесінде. Бұл – ел экономикасын несиелеудің шамамен 6–7 пайызы ғана. Егер мемлекеттік қаржыландыруды алып тастасақ, жеке сектордағы лизинг көлемі статистикалық қателік деңгейінде қалады. Бұл Қазақстанда лизингтік қаржыландырудың жеткілікті дамымағанын көрсетеді. Инвестициялық даму кезеңіндегі мемлекет үшін бұл көрсеткіш мүлде басқа болуы керек еді. Дамыған елдерде лизинг арқылы қаржыландырудың үлесі 15-20 пайызға дейін жетеді», деді экономист.
Ғалым Құсайыновтың айтуынша, лизинг бизнес үшін негізгі құрал-жабдықтарды жаңартудың ең ыңғайлы тәсілдерінің бірі саналады. Өйткені мұнда қосымша кепіл талап етілмейді, өтінім тез қаралады және бұл жүйе әсіресе жаңа кәсіп бастаған азаматтарға қолайлы.
«Лизинг – кәсіпкер үшін өндірістік құрал-жабдықты алудың жеңілдетілген жүйесі. Мұнда кепіл мәселесі күрделі емес, өтінім қарау жылдам, ал лизинг беруші үшін мүлікті қайтарып алу процесі жеңілдейді. Себебі меншік құқығы толық төлем жасалғаннан кейін ғана беріледі. Сондықтан мемлекет инвестицияны көбейтуді көздесе, оны тікелей субсидия арқылы емес, лизингті ынталандыру арқылы жүзеге асырған әлдеқайда тиімді», деді ол.
Экономист көрші Өзбекстанды мысалға келтіріп, бұл елде 2017–2020 жылдардағы салық реформасынан кейін лизинг нарығы айтарлықтай жанданғанын айтты. Онда лизингтік мәмілелер бойынша қосылған құн салығына бірқатар жеңілдік беріліп, нарыққа серпін пайда болған. Біздегі негізгі мәселенің бірі – жеделдетілген амортизация тетігінің әлсіздігі. Қазіргі жүйеде кәсіпкер жабдықты лизинг арқылы алғанымен, салықтық артықшылықты айтарлықтай сезінбейді.
«Тікелей субсидия берудің орнына мемлекет лизинг арқылы алынған негізгі құралдарға жеделдетілген амортизация енгізе алады. Мысалы, жабдық құнының белгілі бір бөлігін алғашқы жылдың өзінде шығысқа есептеуге мүмкіндік беру керек. Бұл компанияға пайызсыз салықтық несие іспетті әсер етеді. Кей елдерде лизингпен алынған активтерге амортизацияның жоғары коэффициенті қолданылады. Ұлыбританияда біраз уақыт 130 пайыздық super-deduction жүйесі жұмыс істеді. Яғни 100 миллион теңгелік жабдық алсаңыз, шығыс ретінде 130 миллион теңгені көрсетуге мүмкіндік болды. Мұндай тәсіл бизнесті құрал-жабдықты дәл лизинг арқылы алуға ынталандырады», деді Ғалым Құсайынов.
![]()
Экономист қосылған құн салығы мәселесі де лизингтің дамуына кедергі болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі жүйеде лизингтік актив мерзімінен бұрын қайтарылған жағдайда немесе қайта сатылғанда кәсіпкерлер қайтадан қосылған құн салығын төлеуге мәжбүр болады.
«Мысалы, арнайы техника нарығында қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төлеуді жеңілдетуге болады. Бұл шағын бизнеске үлкен көмек болар еді, өйткені кәсіпкер бастапқы сәтте 16 пайыздық салық төлемейді. Сонымен қатар бізде trade-in және қайталама нарық мәселесі де дұрыс шешілмеген. Лизинг компаниясы клиенттен көлікті қайтарып алып, қайта сатса, оған қайтадан қосылған құн салығы салынады. Экономикалық тұрғыдан бұл – сол активтің нарық ішінде әрі қарай қозғалысы ғана. Мұндай жағдайда салық туындамауы керек», деді ол.
Сарапшы лизинг компаниялары үшін ең үлкен проблеманың бірі – қаржы тарту қиындығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде лизингтік портфельдерді бағалы қағазға айналдыру, яғни секьюритизация кең таралған. Алайда Қазақстанда бұл процесс тым күрделі әрі қымбат.
«Қазір қамтамасыз етілген бағалы қағаз шығару үшін арнайы қаржы компаниясы арқылы өтетін күрделі рәсім қажет. Бұл процесті қымбаттатып жібереді. Меніңше, лизинг келісімшарттарының бірыңғай цифрлық базасын жасап, кепілдік келісімшарттар бойынша ақша ағындарын бөлек шотта сақтау жүйесін енгізу керек. Бұған қоса, Астана халықаралық қаржы орталығының инфрақұрылымын пайдалануға болады. Онда ағылшын құқығы негізінде bankruptcy-remote құрылымдар мен escrow-шоттар жұмыс істейді. Егер заңнамалық деңгейде қазақстандық лизинг компанияларына өз портфельдерін Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы секьюритизациялауға рұқсат берілсе, бұл жеке лизинг нарығына үлкен серпін береді», деді экономист.

Демек Қазақстанда операциялық лизингтің де мүлде дамымаған болып тұр. Көптеген кәсіпкерге активті өмір бойы иеленудің қажеті жоқ, олар белгілі бір жоба мерзіміне ғана техника немесе жабдық пайдаланғысы келеді. Бірақ қазіргі салық жүйесінде операциялық лизинг қаржылық лизингке қарағанда тиімсіз.
«Әлемде операциялық лизинг өте кең таралған. Бірақ бізде оған қосылған құн салығы салынады және жеделдетілген амортизация жоқ. IFRS 16 халықаралық стандарты бойынша операциялық лизинг те балансқа актив ретінде енгізіледі. Сондықтан салықтық есепті халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сәйкестендіру қажет. Егер лизинг халықаралық стандарт бойынша капитализацияланса, онда оған қаржылық лизингтегідей салықтық құқықтар берілуі тиіс», деді сарапшы.
Сарапшы қайтарымды лизингтің де әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бұл жүйеде компания өз активін лизинг компаниясына сатып, кейін оны қайта пайдалануға алады. Осылайша айналым қаражатын тез тарта алады. Бірақ Қазақстанда мұндай мәміле екі бөлек операция ретінде қарастырылатындықтан, бизнес қосылған құн салығын төлеуге мәжбүр болады. Мемлекет лизингтік мәмілелерге кепілдік беру механизмін де өзгертуі керек. Халықаралық тәжірибеде мемлекет бүкіл несиені емес, тек активтің нарықтық бағасы мен қарыз қалдығы арасындағы айырманы ғана кепілдендіреді. Бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтады әрі нақты тәуекелдерді жабуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол Қазақстанда «кейін сатып алу құқығымен жалға беру» ретінде рәсімделіп жүрген жылжымайтын мүлік лизингі де толыққанды құқықтық мәртебеге ие емес екенін айтты.
«Экономикалық тұрғыдан бұл – кәдімгі қаржылық лизинг. Бірақ заң жүзінде оған лизинг мәртебесі берілмеген. Соның салдарынан жеделдетілген амортизация жоқ, қосылған құн салығы толық көлемде салынады және дефолт болған жағдайда мүлікті қайтарып алу рәсімі жеңілдетілмеген. Бұл әсіресе коммерциялық жылжымайтын мүлік пен қойма кешендерінің дамуына кері әсер етіп отыр», деді сарапшы.