Қазақмыс 2026 жылдың алғашқы төрт айын қорытындылады: қауіпсіздік күшейіп, геологиялық барлау ауқымы ұлғайып, өндірістік инвестициялар көлемі тарихи деңгейге жетті, деп хабарлайды ozgeris.info.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығы еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесулер өткізу дәстүрін жалғастырып келеді. Жезқазғанда өткен кезекті жұмыс жиынына Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты. Басқосуда компанияның қаңтар-сәуір айларындағы жұмыс нәтижелері сараланып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер талқыланды.
Өндірістік қауіпсіздік бағытындағы ең маңызды көрсеткіштердің бірі — биылғы алғашқы төрт айда компания қызметкерлері арасында өліммен аяқталған жазатайым оқиғалардың тіркелмеуі. Сонымен қатар жарақаттану деңгейі 35 пайызға азайып, LTIFR көрсеткіші де төмендеу үрдісін көрсетті.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында өндірістік нысандарда жүздеген тексеру жүргізіліп, кәсіпорын басшыларының қатысуымен арнайы тоқтату жиналыстары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлер үшін Q-start бейімдеу бағдарламасы енгізілді.
Компания геологиялық барлау жұмыстарына да ерекше назар аударып отыр. Егер бұрын пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі жылына шамамен 63 мың қума метр болса, 2026 жылы тек Жезқазған өңірінің өзінде геологиялық барлау жоспары 62 400 қума метрге дейін жеткізілген. Бұл — үш өндірістік бағыттың бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, геологиялық барлау бағдарламасының көлемі екі есеге ұлғайды. Төрт ай ішінде жеті бұрғылау қондырғысы арқылы бес кәсіпорында 20 мың қума метрден астам аумақ зерттелді.
Барлау жұмыстарын күшейту үшін жаңа жерасты бұрғылау техникалары сатып алынып, бұрғылау бригадаларының инфрақұрылымы жаңартылды. Сондай-ақ қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда бұрын игерілмеген кен орындарын зерттеу жалғасып жатыр.
2026 жыл өндірісті жаңғыртуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар кезеңіне айналды. Бір уақытта бірнеше ірі өндірістік бастама қолға алынған.
Активтерді жаңарту бағдарламасы аясында Балқаш мыс балқыту зауытындағы күкірт қышқылы цехының негізгі жабдықтары ауыстырылып, ПВ-1 пешіндегі күрделі жөндеу мерзімі қысқартылды. Сонымен бірге Жезқазған мен Балқашта металлургиялық қуаттарды жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.
Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерінде де жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі мақсат — өндіріс тиімділігін арттырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін күшейту.
Төрт ай қорытындысы бойынша компания концентраттағы және катодты мыс өндіру жоспарын артығымен орындады. Кейбір өндірістік бөлімшелерде еңбек өнімділігі соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Компания әлеуметтік бағыттағы жобаларды да жалғастыруда. Кәсіпорындарға қызметкерлерді тасымалдауға арналған 90 жаңа автобус жеткізіліп, санитарлық-тұрмыстық нысандар жаңартылып жатыр. Демалыс және киім ауыстыру бөлмелері жөнделіп, медициналық пункттер жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында қызметкерлерге баспана беру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, шипажайлық ем алу мүмкіндігін қарастыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар корпоративтік медицина жүйесі кезең-кезеңімен дамытылуда.
Кездесу соңында Руслан Өскенәлі өндірістік қауіпсіздікті арттыру, кәсіпорындарды жаңғырту және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, компания үшін өндірістің тұрақтылығы мен еңбек ұжымы алдындағы міндеттемелерді толық орындау басты басымдық болып қала береді.