Қоғам белсендісі Жолымбек Мәкіш қазақтың белгілі актрисасы Меруерт Өтекешованың қазіргі жағдайы туралы жазба жариялап, елді бейжай қалдырмады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, халық әртісі қызының емі үшін бар мүлкін сатуға мәжбүр болған.
«Меруерт Өтекешова қызын емдеу үшін үйін сатып жіберіп, қазір Астанада пәтер жалдап тұрып жатыр екен», – деп жазды ол.
Сондай-ақ белсенді актрисаның өмір жолындағы ауыр сынақтарға тоқталып, оның қайсарлығына таңданысын жасырмады.
«Ұлын, жарын жоғалтуды, қызының дертімен күресуді көтеріп, сол үшін бар жиған-терген баспанасын сатып, 75 жасында Астанада пәтер жалдап тұру – халық әртісіне тән тағдыр ма? Соған қарамастан, 30 жастағыдай еңбек етіп, бар ауыртпалықты үнсіз көтеріп жүр. Өз мерейтойында гүл құшақтап, кейін қайтадан жалдамалы пәтеріне оралу – қандай сынақ десеңізші», – деді Жолымбек Мәкіш.
Желі қолданушылары актрисаға қолдау білдіріп, оның жағдайына бейжай қарамау керектігін жазуда.