✅ Пайдалы

Тур сатып аларда нені тексеру керек?

Тур сатып аларда нені тексеру керек?

Жазғы демалыс маусымы жақындаған сайын шетелге шығатын отандастарымыздың саны артып келеді. Алайда сапардың сәтті өтуі тек билет пен қонақүйге ғана байланысты емес. Кейінгі жылдары туристік компанияларға қатысты шағым көбейіп, ақшасын төлеп қойған азаматтардың жолдамасыз қалуы, қонақүй бронінің расталмауы немесе сақтандырусыз шетелге шығуы жиілеген. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі азаматтарға тур сатып алар алдында қандай құжаттарға ерекше назар аудару қажет екенін ескертті, деп жазады Ozgeris.info.

 

Министрлік өкілдерінің айтуынша, туристің қауіпсіздігі мен құқығы ең алдымен турды рәсімдеу кезінде заң талаптарының сақталуына байланысты. Сондықтан мамандар азаматтарға турды сатып алмас бұрын турагенттің қызметі заңды негізде жұмыс істейтініне міндетті түрде көз жеткізуге кеңес береді.

 

«Тур сатып алмас бұрын турагенттен турды сатудың заңдылығын және туристің құқықтық қорғалуын растайтын құжаттар пакетін сұратып, мұқият тексерген жөн. Ең алдымен, турагент қызметінің басталғаны туралы хабарламаның бар екеніне көз жеткізу қажет», деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.

 

Ведомство түсіндіргендей, кез келген туристік агенттік мемлекеттік электронды тізілімге енгізілуі тиіс. Бұл компанияның ресми түрде қызмет көрсететінін және мемлекет бақылауындағы жүйеде тіркелгенін білдіреді. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы тізілімде жоқ компаниялар арқылы жолдама алған азаматтар кейін құқықтық тұрғыда өз мүддесін қорғай алмай қалатын жағдайлар кездеседі.

 

Министрлік туристік қызмет көрсету туралы шартқа ерекше мән беруге шақырып отыр. Өйткені бұл құжат турист пен компания арасындағы негізгі құқықтық келісім саналады. Құжатта сапар бағыты, баратын ел, демалыс мерзімі, турдың толық құны, төлем тәртібі, турдан бас тарту талаптары және екі тараптың жауапкершілігі нақты жазылуы қажет.

 

«Туристік қызмет көрсету туралы шартқа қол қою – сапарды рәсімдеудегі негізгі кезеңдердің бірі. Құжатта баратын ел мен сапар мерзімі, турдың толық құны, төлем тәртібі, турдан бас тарту талаптары, тараптардың жауапкершілігі, сондай-ақ қаражатты қайтару шарттары нақты көрсетілуі қажет», деп атап өтті министрлік.

 

Мамандар әсіресе қаржылық құжаттарға мұқият болуға кеңес береді. Тур толық төленгеннен кейін турист міндетті түрде фискалдық чек талап етуі керек. Себебі дәл осы құжат төлемнің ресми түрде жүргізілгенін дәлелдейді. Ал қаражатты компания менеджерлерінің жеке есепшотына аудару тәуекелді арттырады.

 

«Қаражатты менеджерлердің жеке шоттарына аудармаған дұрыс, себебі тек ресми төлем құжаты мәміленің жасалғанын дәлелдейді», деп ескертті ведомство.

 

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – әлеуметтік желі арқылы арзан тур ұсынып, ақшаны жеке картаға аудартатын схемалар. Мұндай жағдайда турист сапарсыз ғана емес, ақшасыз да қалуы мүмкін. Сондықтан ресми келісімшарт пен чек – туристің негізгі қорғанысы саналады.

 

Министрлік брондау толық расталып, тур үшін төлем жасалғаннан кейін туристке арнайы құжаттар пакеті берілуге тиіс екенін де еске салды. Оның құрамына қонақүйге орналасу туралы ваучер, тамақтану мен трансфер жайлы мәлімет, әуе билеттері немесе маршруттық түбіртектер, сақтандыру полисі және туристің құқықтарын қорғайтын арнайы туркод кіреді.

 

«Брондау расталып, тур толық төленгеннен кейін турагент туристке сапарға қажетті құжаттар пакетін ұсынуға міндетті. Оның құрамына қонақүй, тамақтану және трансфер туралы мәліметтер көрсетілген ваучер, әуе билеттері немесе маршруттық түбіртектер, сақтандыру полисі және туристердің құқықтарын міндетті кепілдендіру жүйесі аясындағы қорғанысты растайтын туркод кіреді», деп түсіндірді министрлік.

 

Туризм саласының мамандары шетелге шығатын азаматтарға сақтандыру полисіне де немқұрайлы қарамауға кеңес береді. Себебі денсаулыққа қатысты күтпеген жағдай немесе рейстің кешігуі секілді мәселелер туындағанда дәл осы сақтандыру шығынды азайтуға көмектеседі.

 

Барлық жаңалық