Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы “Балапан” телеарнасының төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Еске салайық, бұған дейін актер Нұрғали Нұғман бірнеше жыл бұрын “Балапан” телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезінде продюсер тарапынан зорлық көргенін айтқан болатын. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, кейбір қазақстандықтар ұлттық арнаға бойкот жариялауға шақырды.
Осыған байланысты журналист Ләйлә Сұлтанқызы да Threads желісінде жазба жариялаған. Ол “Балапан” арнасын нақты дәлелсіз айыптаудың орынсыз екенін айтып, бір адамның сөзі үшін тұтас ұжымға кінә тағуға болмайтынын жеткізді.
“Балапан арнасына көптеген компания аутсорсер болып, түрлі хабарлар, сериалдар, мультфильмдер түсіреді. Әр аутсорсер компанияда ондаған, жүздеген адам еңбек етеді. Арна қызметкерлері барлығын танымауы қалыпты жағдай. Арна – тапсырыс беруші, ауторсер компания тапсырылған жұмысты келісім-шарт аясында орындаушы ғана”, – деп жазды ол.
Тележүргізушінің айтуынша, өзі аталған телеарнада 2012-2016 жылдар аралығында жұмыс істеген. Ол сол уақытта ер продюсерлердің аз болғанын және олардың басым бөлігі штаттан тыс қызмет еткенін атап өтті.
“Егер жәбірленуші кінәліні біліп, шынымен жазалануын қаласа, бірінші, арыз жазылып, іс қаралар еді. Жалпы айналысатын жауаптылар бар ғой”, – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Сондай-ақ журналист бұл мәселеге қатысты өзін белгілеуді тоқтатуды сұрады.
“Мені белгілей берудің қажеті жоқ. Жұмыстан бөлек, танитын-танымайтын әріптестердің жеке өміріне, не істеп жүргендеріне араласпағанмын, жеке шекараларынан аттамағанмын”, – деп жазды тележүргізуші.