Продюсер Баян Мақсатқызы өзіне қатысты айтылған сынға жауап берді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде жазушы Серік Сыбанбайтың продюсер туралы пікірі кеңінен тараған еді.
Автор өз жазбасында Баян Мақсатқызын қазақ тілді қауымды кемсітті деп айыптаған.
Осы жағдайдан кейін продюсер Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, мұндай пікірлер шындыққа жанаспайды және бұл мәселені енді сот алдында дәлелдеуге тура келеді.
Сондай-ақ ол кейінгі уақытта өзін негізсіз сынап, атын қаралауға тырысатын адамдардың көбейгенін жеткізді. Продюсер мұндай әрекеттерге ренішін білдіріп, қоғамда өзі туралы жалған пікір қалыптастыруға қарсы екенін атап өтті.
Айта кетейік, жазушы Баян Алагөзова жайлы жазба жариялаған еді. Ол «Жұлдыздар отбасы» журналында жүргендегі бір оқиғаны есіне алады.
“Сондағы бір ауыз сөзі жетеді маған. Жек көруге. Мы тихо-мирно жили в прекрасном районе Алматы. А потом… понаехали эти… мамбеты, – деген. Осы сөзді кешіре алмаймын. Ол ҚАЗАҚТІЛДІ ҚАЗАҚТАРДЫ жек көреді. Бүкіл сұхбатынан, сөзінен, көзінен көрініп тұрады. Әрине, кейінгі кезде жасырыңқырауға тырысады. Пәле ғой. Бірақ қайдағы… бәрібір білінеді. «Одан бері он алты жыл өтіпті ғой, Баянның ойы өзгерген шығар?» дейсіз бе? Ха. Ромен Роллан айтпақшы, «адам өзгермейді, қалай туды – солай өледі». Сондықтан Баян не істеп жатыр, «кто она такая» – мені қызықтырмайды. ҚАЗАҚЫ ҚАЗАҚТЫ жек көретін адам – мен үшін ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ. Ормандай орыс Алла Пугачеваның әр тірлігін талқылап жатса, Алла – орыс өнері үшін зор еңбек сіңірді ғой. Талқылауға тұрады. Ал Баян ҚАЗАҚ ӨНЕРІ үшін не істепті? Сіздер талқылайтындай? Жарайды, Гүлназы бар (бір фильмде), майда-шүйде комедиядағы рөлдері бар. Сондай майда-шүйдені түсіргені де бар шығар. Бірақ сіздер талқыға салатындай не істеді?” – дейді ол.