Жаңалықтар

MMA спортшысы Медет Жээналиев ерлікпен қаза тапты

MMA спортшысы Медет Жээналиев ерлікпен қаза тапты

Қырғызстандық аралас жекпе-жек өкілі Медет Жээналиев Ыстықкөлде балаларды құтқармақ болып көз жұмды. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

1995 жылы туған MMA спортшысы кәмелетке толмаған қызды көлден алып шығу үшін суға секірген.

Ыстықкөл ауданы ішкі істер бөлімінің мәліметінше, төрт кәмелетке толмаған қыз Бактуу-Долоноту ауылындағы жағажайда демалып жүрген. Солардың бірі көлге шомылу кезінде бата бастаған. Медет Жээналиев досымен бірге көмекке ұмтылған. Қыз аман қалғанымен, Жээналиевтің өзі қаза тапты.

Медеттің ауылдасының айтуынша, оқиға болған күні көлде қатты жел соғып тұрған.

“Сол күні біз жағалауға бардық. Сағат кешкі 5-6 шамасы еді. Күн ашық болғанымен, қатты жел соғып тұрды. Пирсте үш қыз болды. Біз аздап доп ойнап, суға түстік. Толқын қатты болғандықтан, кетуді ұйғарып, қыздарға абай болыңдар дедік. Біраз алыстаған кезде жағалаудан айғай шықты. Қыздардың бірі бата бастады. Медет бірден жүгіріп барып, пирстен суға секірді. Мен оның артынан жүгірдім, бірақ суға жағадан кірдім. Қызды ұстап, кері қарай жүзе бастадым. Жағаға жақындаған кезде байдарка мінген бір ер адам шығуға көмектесті. Сол сәтте Медетті көзден жоғалтып алдық”, – дейді ол.

Кәсіби MMA-де төрт жекпе-жек өткізген спортшының денесі қайғылы оқиғадан кейін келесі күні табылды.

Барлық жаңалық