Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына маңызды үлес қосқан мемлекет қайраткері, халықаралық деңгейде танылған тәжірибелі дипломат. Бүгінде Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалардың, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» бағдарының авторы әрі негізгі бастамашысы ретінде ел басқарып отыр деп хабарлайды ozgeris.info порталы.
Президенттің баспасөз қызметі бұған дейін бірнеше рет мәлімдегендей, Қасым-Жомарт Тоқаев өз туған күнін тойлағанды құптамайды. Сондықтан бұл күні Ақордада ешқандай салтанатты жиындар, банкеттер немесе арнайы мерекелік шаралар ұйымдастырылмайды.
Президенттің өзі бұл күнді әдеттегідей тығыз жұмыс кестесіне сай, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге арнайды. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктерге туған күн иесіне сыйлық жасауға немесе арнайы құттықтаулар ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған. Бұл Президенттің қарапайымдылығы мен жұмысқа деген іскерлік көзқарасын көрсетеді.
Мемлекет басшысына мықты денсаулық, қажымас қайрат және еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы еңбегіне толағай табыс тілейміз!