🏛️ Саясат

Мемлекет басшысын тәрбиелеген орта қандай еді?

Мемлекет басшысын тәрбиелеген орта қандай еді?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі болмысын түсіну үшін оның өскен ортасына, ата-анасының өмір жолына үңілу жеткілікті. Президенттің әкесі Кемел Тоқаев жетімдікті, ашаршылықты, соғысты бастан өткеріп, кейін қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың біріне айналды. Ал анасы Тұрар Шабарбаева қарапайымдық пен тәртіпті бәрінен биік қойған жан болған. Президенттің еңбекқорлығы, сабырлы мінезі, тілге жақындығы мен ұстамды стилінің қалыптасуына дәл осы отбасы тәрбиесі мен көрген өмірі үлкен әсер етті.

Отбасы және жеке өмірі

Қасым-Жомарт Тоқаев – Алматы қаласының тумасы. Ол 1953 жылы зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі Кемел Тоқаевтың тағдыры күрделі болды. Болашақ жазушы ерте жетім қалып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс кезінде туған ағасы Қасымнан айырылып, өзі жараланып, мүгедектікпен елге оралады. Соған қарамастан кейін филология факультетіне түсіп, журналистика саласына келеді. Сонымен қатар әдебиетпен айналысып, кітаптар жаза бастайды.

Бүгінде Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детективті-шытырман оқиғалы жанрдың негізін қалаушылардың бірі ретінде бағаланады. Бірақ жазушының танымалдығы мен мойындалуы бірден келген жоқ. Ал анасы Тұрар Шабарбаева Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен. Президенттің кейін тілге бейім болып өсуіне анасының ықпалы зор болғаны жиі айтылады.


Қасым-Жомарт Тоқаевқа туған кезде қос есім берілген. Қасым есімі соғыста қаза тапқан ағасының құрметіне қойылса, Жомарт есімін анасы таңдаған. Араб тілінен аударғанда «Қасым» – «үлестіруші», «қамқоршы» деген мағына берсе, «Жомарт» – «кеңпейіл», «мәрт», «жомарт адам» деген ұғымды білдіреді.

Президент отбасындағы жалғыз ұл болған. Оның екі туған қарындасы бар. Үлкен әпкесі дипломаттың жары болса, кіші қарындасы саясаттанушы ретінде еңбек еткен. Қасым-Жомарт Тоқаев бала кезінен тіл үйренуге ерекше қызығушылық танытқан. Ол Алматы қаласындағы №25 мектеп-гимназиясында француз тілін тереңдетіп оқыды. Мектепте озат оқушылардың бірі саналған. Әкесі оны кітап оқуға баулыса, анасы шет тілдерін үйренуге қызықтырған.


2003 жылы гимназияда жөндеу жұмыстары кезінде XXI ғасыр комсомолдарына арналған капсула табылған. Оның ішінде хаттармен бірге сол кездегі оқушылардың суреттері сақталған. Сол фотолардың арасында жас Қасым-Жомарт Тоқаевтың да суреті болған.

1970 жылы мектеп бітіргеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барып, Кеңес Одағының ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына оқуға түседі. Курстастарының айтуынша, ол студент кезінен өте тәртіпті, қабілетті әрі мақсатшыл болған. Сабақты тек «өте жақсы» бағамен оқыған.

Диплом алдындағы жарты жылдық тәжірибесін Қытайдағы кеңес елшілігінде өтеді. Сол жерде дипломатияның қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, қытай тілін терең үйренеді. Кейін бұл оның халықаралық саясаттағы басты артықшылықтарының біріне айналды.


Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін меңгерген санаулы саясаткерлердің бірі.
Президенттің жеке өмірі туралы ақпарат көп емес. Ол ажырасқан. Ұлы Тимур бизнеспен айналысады. Ашық дереккөздерде ол туралы мәлімет аз. Мәскеулік журналист, публицист әрі жазушы Ерлан Жұрабаев Тоқаев туралы сұхбаттарының бірінде:

«Иә, Мәскеу маңында Тоқаевтың жақсы саяжайы бар. Бірақ оның Қазақстанда орасан зор мүлкі жоқ. Ұлы бар, бірақ оның да алып активтері жоқ. Орта деңгейдегі кәсіпкер», дейді.

Ал Президенттің бұрынғы жұбайы Надежда Тоқаева туралы ақпарат өте аз. Ол баспасөзден барынша алыс жүреді. Бір кездері бірінші ханым мәртебесінде бір жыл ғана болды. Бірақ сол уақыттың ішінде БАҚ оларды бірге көрмегені айтылады. Кейін Президенттің ресми өмірбаянында отбасылық мәртебесі «ажырасқан» деп көрсетілген.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ол – қазақ әдебиетіндегі детективті-шытырман оқиғалы жанрдың негізін қалаушылардың бірі. Майдангер жазушының тағдыры ауыр кезеңдермен, жетімдіктің зардабымен, соғыс қасіретімен және ұзақ жылдық шығармашылық ізденіспен тығыз байланысты болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі туралы естеліктерін «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында кеңінен жазған.

Әкесінің балалық шағы ашаршылыққа тап келген

Кемел Тоқаев 1923 жылдың 2 қазанында бұрынғы Талдықорған облысы Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылында дүниеге келген. Ол ауқатты емес қарапайым отбасында өсті. Болашақ жазушының балалық шағы ашаршылық пен жоқшылық кезеңімен тұспа-тұс келді.Ұжымдастыру жылдары Кемел Тоқаевтың отбасы аштықтан аман қалу үшін туған жерін тастап, Фрунзе қаласына, қазіргі Бішкекке көшуге мәжбүр болады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы кітабында:

«Отбасылық кеңесте Фрунзеге барып, қиын кезеңді сонда өткізу туралы шешім қабылданған. Аштық қазақ ауылдарын жайпап жатқан еді. Жол өте ауыр болды», деп жазады.

Фрунзеде отбасы орыс жанұясының шағын үйінде тұрады. Әкесі ауыр жұмыс істеп, отбасыны асырауға тырысқан. Алайда 1933 жылы отбасы үлкен қайғыға ұшырайды. Кемелдің кішкентай қарындасы пеш жанында ойнап жүріп қаза табады. Бұған шыдамаған анасы да көп ұзамай көз жұмады. Ал Кемел мен ағасы Қасымды милиция қызметкерлері жетім деп танып, балалар қабылдау орнына жібереді. Осыдан кейін әкесі де із-түзсіз жоғалып кеткен.


Кемел Тоқаевтың өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі – соғыс болды. Ол Фрунзе жаяу әскер училищесінде сержанттар курсын аяқтап, майданға аттанады. Алғашында Сталинград майданы құрамындағы әскери бөлімде қызмет етеді. Үш айдан кейін жараланғанымен, госпитальда ұзақ жатудан бас тартып, кейін гвардиялық танк полкі құрамында Беларусь, Украина және Польша жеріндегі шайқастарға қатысады.
Президент әкесінің сол кезеңдегі өмірі туралы:

«Әкем ауылдан шыққандықтан, орыс тілін толық білмейтін. Соғыс оның өмірдегі алғашқы үлкен мектебіне айналды. Ол жерде батылдықты ғана емес, орыс тілін де меңгерді. Әкемнің әдемі жазумен толтырған қойын дәптерлері сақталған. Онда грамматикалық жаттығулар мен орыс жазушыларының шығармаларынан үзінділер жазылған», дейді.

Кемел Тоқаев Сталинград шайқасына қатысып, ерлігі үшін І дәрежелі және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан кейін, 1945 жылы Кемел Тоқаев қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетке әскери форма мен балдаққа сүйеніп келгені туралы дерек те сақталған.

Әдебиетке келуі журналистикадан басталды. Алғашында «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істеп, кейін бас редактор қызметіне дейін көтеріледі. Сол кезеңде жазушылыққа біржола бет бұрады. Алғашқы кітабы «Жұлдызды жорық» қазақстандық пионерлерге арналды. Кейін ол милиция қызметкерлерінің еңбегі туралы «Тасқын» повесін жазады. Бұл шығарма 1958 жылы жарық көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің бұл еңбегі туралы:

«Оған дейін қазақ тілінде мұндай жанрдағы шығармалар іс жүзінде болған жоқ. Әкем осы жолға алғаш болып түсті», деп жазады.


Дәл осы «Тасқын» шығармасы Кемел Тоқаевты қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы ретінде танытты. Жазушы бұл шығарма үшін құқық қорғау органдары қызметіне арналған республикалық әдеби байқауда бірінші сыйлық иеленді.
Кейін Кемел Тоқаевтың шығармаларына шетелде де қызығушылық танытылды. АҚШ Конгресі кітапханасы мен Иллинойс университетінен жазушының «Соңғы соққы» романының даналарын жіберу туралы хаттар келген.

Бүгінде жазушының кітаптары Қазақстанның Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Кітапханашы Оңай Мырзағалиеваның айтуынша, Кемел Тоқаев шығармалары бірнеше буын оқырманның сүйікті туындыларына айналған.

«Қазақ әдебиетінде детектив жанры болған жоқ. Осы бағытта алғаш қалам тербеген адамның бірі – Кемел Тоқаев. Оның «Түндегі атыс», «Солдат соғысқа кетті», «Құпия із», «Таңбалы алтын», «Сарғабандағы оқиға» сияқты шығармалары әлі күнге дейін қызығушылықпен оқылады», дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазуынша, әкесін кітаптарының орыс тіліне сапалы аударылмауы қатты алаңдатқан. Мәскеулік аудармашылармен жұмыс істеуге мүмкіндігі болмағандықтан, жергілікті мамандардың көмегіне жүгінген.

«Әкем аудармадағы қателерді өзі түзетіп, мәтіннің үстінде ұзақ отыратын», деп жазады Президент.

Анасының өсиеті

Аналар күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында анасы Тұрар Шабарбаева туралы естелігімен бөлісті. Мемлекет басшысы анасымен түскен сирек суретті жариялап, оның өмірлік ұстанымы, қарапайым болмысы мен берген тәрбиесі туралы әсерлі жазба қалдырды.

Президенттің айтуынша, анасы төрт баланы тәрбиелеп өсіргендіктен, отбасының тұрмысы аса бай болмағанына қарамастан, жұмыс істеуге мүмкіндік таппаған. Соған қарамастан Тұрар Шабарбаева балаларының тәрбиесін бәрінен биік қойған.

«Анам жас кезінде де өзіне көп нәрсені қимады. Әшекей бұйымнан да, қымбат киімнен де бас тартатын. Әрине, әйел адам ретінде оның да әдемі киінгісі келген шығар. Бірақ ол алдымен балаларын ойлады. Аналық парызын өмірінің соңына дейін адал атқарды. Кейін жағдай түзелген кезде де өзіне қымбат дүние алудан гөрі немерелеріне сыйлық жасағанды жақсы көретін», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент анасының әсіресе ел үшін қиын кезеңдерде үлкен рухани тірек болғанын атап өтті. Оның сөзінше, Кеңес Одағы ыдыраған тұста анасы маңызды шешім қабылдауға ықпал еткен.

«Кеңес Одағы тарағаннан кейін Ресей Сыртқы істер министрлігіндегі қызметімді жалғастыру немесе Қазақстанға оралу мәселесі туындады. Сол кезде анам еш күмәнсіз елге қайту керек екенін айтты. Ол әкемді мысалға келтіріп, адамның туған еліне қызмет етуі маңызды екенін үнемі еске салатын», дейді Мемлекет басшысы.


Президент анасының қарапайымдылықты ерекше бағалағанын да еске алды. Оның айтуынша, Тұрар Шабарбаева байлыққа немесе мансапқа қызықпаған.

«Анам кейбір шенеуніктердің аяқ астынан байып кеткенін көрді. Бірақ ондай дүниенің баянсыз екенін жиі айтатын. “Адамдар алдында жүзіңді жоғалтпа, ардан аттама” деп үнемі ескертіп отыратын. Әрдайым таза, жинақы жүруге, артық дүниеге қызықпауға тәрбиеледі», дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев анасының айтқан сөздері бала кезінен өзіне қатты әсер еткенін де жазды. Оның айтуынша, Тұрар Шабарбаева тәртіп пен жауапкершілікті бәрінен жоғары қойған.

«Ол маған: “Таңертең оянған сәттен бастап күніңді жоспарла. Кешке дейін не істейтініңді алдын ала ойла. Асығыс, абыржыған адам міндетті түрде қателеседі” деп жиі айтатын», дейді Мемлекет басшысы.

Саясаттанушылардың пікірінше, Тоқаевтың бүгінгі сабырлы мінезі мен ұстамды стилінің қалыптасуына отбасы тәрбиесі, әсіресе анасының өмірлік ұстанымы үлкен әсер еткен. Сарапшылар Президенттің көп жағдайда эмоциядан гөрі тәртіп пен жауапкершілікке басымдық беруін де осы тәрбиемен байланыстырады.

 

Барлық жаңалық