Жаңалықтар

Көкшетаудағы аула ішіндегі ажал: Көлік астына түскен әйел тіл тартпай кетті

Көкшетаудағы аула ішіндегі ажал: Көлік астына түскен әйел тіл тартпай кетті

Көкшетау қаласында Жеңіс күні қаралы оқиғамен басталды. 9 мамыр күні көпқабатты тұрғын үйдің ауласына кіре берісте жантүршігерлік жол апаты орын алды. Темір тұлпар тізгініндегі жүргізуші жаяу жүргіншіні байқамай қағып кеткен. Қайғылы сәт бейнебақылау камераларының таспасына түсіп қалды. Бейнежазбада көліктің тұрақ аймағына бұрылған мезетте әйел адамды соққаны анық көрінеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Осы оқиғаға байланысты Ақмола облыстық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары қарқынды жүріп жатыр. Мамандар болған жағдайдың барлық егжей-тегжейін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындады.

Бұл оқыс оқиға тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық туғызды. Әлеуметтік желілерде жұртшылық қаза болған жанның жақындарына көңіл айтуда. Полиция өкілдері тергеу шеңберінде оқиғаның мән-жайын толық ашуға уәде берді. Тұрғын үй маңындағы қауіпсіздік мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты.

 

 

Барлық жаңалық