Ақтөбеде мектеп түлектері бір бүйрегінен айырылып ауыр жағдайда жатқан қазақ тілі пәнінің мұғаліміне шетелде ота жасату үшін 40 млн теңге қаражат жинап жатыр, деп хабарлайды aktobetimes.kz.
Ардақ Сүлейменова 1995 жылдан бері Ақтөбедегі №11 мектепте жұмыс істейді. Ол денсаулығының нашарлағанына қарамастан қазіргі уақытқа дейін балаларға сабақ беруді жалғастырып жүр.
Бұрынғы оқушысы Сәуле Битлеуованың сөзінше ұстаз аптасына үш рет гемодиализ процедурасынан өтеді. Жұмыстан шыққысы келгенімен оған орнын басатын адам табылмаған.
Ұстаздың денсаулығы 2018 жылы сыр беріп, онкологиялық ауруға шалдыққан. Ол қаражатты өзі жинап, үнемі ем қабылдап жүргенімен кейін асқынулар басталып, дәрігерлер бір бүйрегін алып тастауға мәжбүр болды. Жақында оған созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылып, шұғыл түрде трансплантация жасау қажеттілігі туындаған.
Қазақстанда донорлық органдарға кезек өте үлкен, ал онкологиялық аурумен ауырған адам үшін ұзақ күту өмірге қауіп төндіреді. Сондықтан бүйрек ауыстыру отасын донорлық жүйесі жақсы дамыған Беларусь елінде жасау жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа кем дегенде 40 млн теңге қажет.
«Ол кісі көпке дейін қарсы болып, көмек сұрағысы келмеді, мен өмір бойы бәрін өзім істедім деп айтқан еді, бірақ біз қазір әңгіме оның өмірі туралы болып жатқанын түсіндірдік», – деді бұрынғы оқушысы.
Сәуле Битлеуованың айтуынша 13 мамырдағы жағдай бойынша 2 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Мектеп түлектері әлеуметтік желілерде бейнеүндеулер жазып, Ардақ Сүлейменованың өмірін сақтап қалуға барын салып жатыр. Оның сөзінше ұстаздың өз балалары жоқ болғандықтан бүкіл саналы ғұмырын мектепке және оқушыларға арнаған.
«Ол өте талапшыл және жауапты педагог, жүрегі кең адам, мұндай адамдарды кейін өмір бойы ризашылықпен еске алады, ол балалардың тілді жақсы білуін және өз пәнін құрметтеуін талап ететін», – деді Сәуле Битлеуова.