«Қазақмыс» компаниясы жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында кәсіпорындардағы киім ілетін шкафтарды жаппай ауыстыруды қолға алды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Өндіріс орындарындағы киім ауыстыратын бөлмелерге жұмысшылардың арнайы киімі мен жеке заттарын сақтауға қолайлы, гигиена мен желдету талаптарына сай келетін берік конструкциялар қойылып жатыр. Жаңарту жұмыстары ең алдымен қызметкерлер саны көп және өндіріс қарқынды жүретін бөлімшелерде жүзеге асырылуда.
Жоспарға сәйкес Жыланды кенішіне 200, ал Жомарт кенішіне 300 жаңа шкаф орнатылады. Жалпы алғанда корпорация бойынша осындай 6900-ге жуық жабдық қойылып, оны жеткізу мен құрастыру ісі биылғы шілде айына дейін толық аяқталуы тиіс.
Тұрмыстық инфрақұрылымды жақсарту ұжымның әлеуметтік саясатының бір бөлшегі болып саналады. Компания өкілдері жұмысшыларға қолайлы орта қалыптастыру өнеркәсіптік қауіпсіздік пен заманауи технологияларды енгізумен қатар басты назарда қала беретінін мәлімдеді.