Жаңалықтар

PGL Astana 2026: Астана бірнеше күнге әлемдік киберспорттың орталығына айналды

PGL Astana 2026: Астана бірнеше күнге әлемдік киберспорттың орталығына айналды

Қазақстан астанасы осы күндері әлемдік киберспорттың басты назарында. «Barys Arena» спорт кешенінде Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша беделді PGL Astana 2026 халықаралық турнирі өтуде. Жарыс ұйымдастыру деңгейімен де, тартысты ойындарымен де көрерменді тәнті етіп үлгерді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Турнирдің алғашқы күні-ақ трибунаға 7 мыңға жуық жанкүйер жиналып, спорт кешенінде аншлаг болды. Жергілікті фанаттардың ерекше қолдауы мен ұйымшылдығы жарыстың басты көрікіне айналды. Сонымен қатар, шараға киберспорт әлемінің жарық жұлдыздары құрметті қонақ ретінде қатысты:

  • Әлем чемпионы Дәурен (AdreN) Қыстаубаев;

  • Бразилиялық киберспорт аңызы Габриэль (FalleN) Толедо;

  • Танымал стример Слава (Buster) Бустер;

  • PGL турнирлерінің тұрақты жүргізушісі Джеймс Бэнкс.

Ұйымдастырушылар мен сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды іс-шара оқиғалық туризмге үлкен серпін беріп, Астананың әлемдік ІТ және гейминг алаңы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі.

Ширек финалдың ең күтілген әрі тартысты кездесуі құрамында қазақстандық снайпер Данил (molodoy) Голубенко ойнайтын бразилиялық FURIA мен жұлдызды Falcons (m0NESY және NiKo) командалары арасында өтті.

Алғашқы картада Данил тамаша ойын көрсетіп, FURIA 13:9 есебімен жеңіске жеткен еді. Алайда, бразилиялық ұжым бұл басымдықты сақтап қала алмады. Кейінгі екі картада қосымша уақытта (овертайм) Falcons жеңісті жұлып әкетті. Бұл турнир қазақстандық ойыншы үшін жеке статистикасы бойынша мансабындағы ең үздік жарыстардың бірі болғанымен, өз алаңындағы қолдау команданы келесі кезеңге алып шыға алмады.

«Мүмкін, бұл бізді одан да мықты ететін қадам шығар. Мұндай жағдайлар болады. Баршаңызға қолдау үшін үлкен рақмет, біз барымызды салдық», – деді molodoy жанкүйерлеріне қаратып айтқан сөзінде.

Алғашқы матчтардың қорытындысы бойынша жартылай финалға төрт мықты ұжым жолдама алды: MOUZ, Team Spirit, Magic және Falcons.

Бүгін, 16 мамыр күні финалға шығу үшін шешуші әрі тартысты ойындар өтеді. Жанкүйерлер әлемнің үздік ойыншыларынан тактикалық шайқастар күтуде. Ал турнирдің шарықтау шегі – PGL Astana 2026 гранд-финалы 17 мамыр күні өтіп, жарыс жеңімпазы мен қомақты жүлде қорының иегері анықталатын болады.

Барлық жаңалық