Қытай басшысы Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трампқа Чжуннаньхай бағын көрсетіп жүріп, Ресей президенті Владимир Путиннің есімін әдейі атап өткен, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Briefly-ге сілтеме жасап.
Бейжіңдегі жабық саяси кешендегі серуен барысында Дональд Трамп мұндай орынға өзге мемлекет басшыларының қаншалықты жиі ат ізін салатынын сұрағанда, Си Цзиньпин мұндай меймандардың аса сирек келетінін айтып, орыс басшысын мысалға келтірді.
«Мәселен, мұнда Путин болған», – деді Қытай басшысы.
Бұл сөзге АҚШ президенті жайбарақат қана жауап қатты.
«Жақсы, маған бұл ұнайды», – деді ол.
Аталған бақ қарапайым жұрт баратын орын емес, ол Тяньаньмэнь алаңына жақын орналасқан әрі шетелдік қонақтар өте сирек шақырылатын саяси маңызды мекен саналады. Сондықтан Дональд Трампқа байырғы бақты көрсету ерекше құрметтің белгісі болса, Владимир Путинді еске алу Вашингтон басшысының бұл жерге кіре алған жалғыз адам емес екенін аңғарту еді.
Бейжіңде 3 күнге созылған мемлекеттік сапар барысында екі жақ сауда-саттық, технология, Тайвань мәселесі мен Иран дағдарысын талқылап, АҚШ президенті көптеген түйткілді шешкенін мәлімдесе, Си Цзиньпин екі елдің бәсекелес емес, серіктес болуы керектігін айтты. Бұл әңгімелер Владимир Путиннің Қытайға жоспарланған сапары қарсаңында өрбіп отыр. South China Morning Post басылымы Ресей президенті 20 мамырда келуі мүмкін екенін жазған, ал Кремль өкілі Дмитрий Песков сапардың жақын арада өтетінін ғана хабарлады.
Пекин ұдайы Мәскеу мен Батыс арасындағы текетірестен пайда көріп, Ресейдің энергоресурстарын тиімді бағамен алып отырғанымен, Украинадағы соғысқа тікелей араласудан және Батыс санкцияларынан бойын аулақ ұстауға тырысады. Қытай басшысы осы жылы шырайлы әрекеті арқылы Вашингтонмен де, Мәскеумен де тең дәрежеде қарым-қатынас ұстай алатын беделді бітімгер рөлін көрсеткісі келеді. Олар АҚШ-пен алыс-берісті реттей отырып, Ресеймен астыртын стратегиялық байланысты үзбейтінін білдірді.
Дегенмен екі алпауыт арасындағы негізгі қайшылықтар әлі де сейілген жоқ. Сауда мәселесінде Дональд Трамп тарифтер арқылы қысым жасауын тоқтатпаса, Пекин өз өнеркәсібіне нұқсан келтіретін шегіністерге барғысы келмейді. Ал даулы Тайвань мәселесінде Си Цзиньпин арал төңірегіндегі дағдарыс қарулы қақтығысқа әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Қытай дипломатиясының бұл қадамы сырттай жұмсақ көрінгенімен, іштей қатаң талап қоюға негізделген. Ежелгі бақтағы серуен Дональд Трампқа көрсетілген ерекше ілтипат болғанымен, Владимир Путиннің есімін атау бұл жылы кездесудің астарында Мәскеумен үзілмес тамыр-таныстық жатқанын дәлелдеді.