Қоғам

Миллион теңге зейнетақы алу үшін қанша жинау керек

Миллион теңге зейнетақы алу үшін қанша жинау керек

Қазақстанда айына 1 млн теңге зейнетақы алу үшін азаматтарға 185 млн теңгеге жуық қаражат жинау қажет, деп хабарлайды NewTimes.kz агенттігі.

Бүгінгі таңда еліміздегі ең жоғары зейнетақы көлемі 900 мың теңгеден асады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. Ведомство мамандарының есептеуінше, зейнетке шыққанда ай сайын 250 мың теңге алып тұру үшін шотта 46 млн теңге, 500 мың теңге алу үшін 92 млн теңгеден астам, ал 1 млн теңге үшін 185 млн теңгеге жуық ақша болуы шарт.

Қор мамандары табыстың 70 пайыз деңгейін сақтап қалу үшін ай сайынғы 10 пайыздық міндетті жарнаның жеткіліксіз екенін алға тартты. Олардың сөзінше, бұл деңгейге жету үшін азаматтар 40 жыл бойы жалақысының 31 пайызын аударып отыруы тиіс, ал табыстың 80 пайызын сақтау үшін жарна көлемі 36 пайызды құрауы керек. Қазіргі жүйеде зейнетақы төлемі жинақталған соманы 6.5 пайыздық мөлшерлемеге көбейтіп, 12 айға бөлу арқылы есептеледі. Мысалы, шотында 50 млн теңгесі бар зейнеткер айына 270 мың теңге, ал 100 млн теңгесі бар адам 541 мың теңге шамасында алады. Осы орайда қордағылар зейнетақы жүйесі тиімді жұмыс істейтін Сингапур елін мысалға келтірді, онда зейнетақы жарнасының ставкасы 37 пайызға жетеді.

Болашақ төлемдердің көлемі еңбек стажына, ресми жалақыға және жарналардың тұрақтылығына тікелей байланысты. Қор 2031 жылы 63 жасқа толатын, 1998 жылдан бері ай сайын үзбей ақша аударған және жинағын баспана мен емделуге жұмсамаған азаматтың мысалын келтірді. Мұндай қазақстандық базалық, ынтымақты және жинақтаушы бөліктерді қосқанда шамамен 300 мың теңге зейнетақы ала алады. Мамандар зейнетке шығар алдындағы соңғы 5-10 жылда жетпейтін қаражаттың орнын толтыру қиын екенін, сондықтан жүйеге жас кезден бастап қатысу керектігін айтты.

Көптеген қазақстандықтардың төмен зейнетақы алуына жарналардың жүйесіздігі, жалақыны конвертпен алу және қаржыны мерзімінен бұрын шешіп алу себеп болып отыр. Егер жинақ тым аз болса, қордағы ақша азаматқа біржола беріледі де, кейін төлемдер тоқтатылады. Қазіргі уақытта елімізде зейнетақы алушылардың 27 пайызы ең төменгі төлемді иеленіп отыр, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 34.4 пайызды құраған. 2026 жылы қордан берілетін ең төменгі төлем 35 596 теңге болып бекітілді, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең.

Жүйеге кеш қосылу болашақ зейнетақыны едәуір азайтады. Егер адам 20 жыл бойы ақша аударса, зейнет жасында оның шотында 17.7 млн теңге жиналып, айына 96 мың теңге алады. 30 жылдық стажбен жинақ 34 млн теңгеге, ал төлем 184 мың теңгеге жетеді. 40 жыл бойы еңбек еткендер 57.4 млн теңге жинап, ай сайын 311 мың теңге алып тұруға мүмкіндігі бар. Бұл есептеулер 2026 жылдың бағасымен көрсетілген.

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың орташа зейнетақы жинағы 2.2 млн теңгені ғана құрайды. Тіпті жүйеде 20 жылдан астам уақыт жүргендердің өзінде орташа сома 6.7 млн теңгеден аспайды. Қор өкілдері жастарға үндеу жасап, қазіргі зейнеткерлер төлемнің көп бөлігін 1998 жылға дейінгі советтік стажы үшін алып отырғанын ескертті. Ал 2040 жылдардың басында зейнетке шығатындарда мұндай стаж болмайды, сондықтан олар тек өз жинақтарына ғана иек артады, «Размер будущей пенсии молодых казахстанцев будет зависить в основном от их персональных накоплений», – делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Барлық жаңалық