Алматы облысының Балқаш ауданында жергілікті полиция бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Қабдулданов қызметтік көлігімен туған әйелін қағып өлтірді деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Polites News» басылымының жазуынша, қаралы оқиға 2026 жылғы 16 мамыр күні таңғы 05:04 шамасында Қонаев-Бақанас тасжолында болған.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, ерлі-зайыптылар «Hyundai Elantra» қызметтік көлігімен Бақанасқа қарай кетіп бара жатып жол-жөнекей сөзге келіп, өзара жанжалдасып қалған. Ашуға мінген келіншек жүріп бара жатқан көліктің есігін ашып түсіп қалмақ болған соң, жүргізуші Бақбақты ауылының маңында тоқтап, оны далаға тастап кеткен көрінеді.
Арада 2-3 шақырым ұзап кеткен шенді полицей райынан қайтып келіншегін алып кету үшін кері бұрылғанымен, 84-шақырымда тасжолдың қақ ортасында отырған әйелді байқамай үстінен басып кеткен. Ауыр жарақат алған жәбірленуші сол жерде тіл тартпай кеткенін алға тартқан тергеушілер оқиға орнындағы қан іздері мен мәйітті тексеру барысында марқұмның шынымен де жол үстінде болғанын растап отыр. Тәртіп сақшысы бұл көлікті жолдама қағазы негізінде тізгіндеп, 15 мамыр күні өндірістегі қылмыстық істер бойынша сараптама тағайындау үшін Қонаев қаласына барып қайтқаны белгілі болды.
Қызметтік көліктің алдыңғы бампері қирап радиаторы ішіне кіріп кеткен бұл жол апаты қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеу амалдары басталды.
«Бұл ақпарат біздің редакцияға түскендіктен, Ішкі істер министрлігінен осы мәліметті жоққа шығаруды немесе растауды, сондай-ақ Балқаш ауданындағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты ресми түсініктеме беруді сұраймыз», – деп жазды «Polites News» басылымы.