Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін қорытындылай келе арнайы жиын өткізіп, халықаралық іс-шараға тас-түйін дайындалған өңір әкімі Нұралхан Көшеров пен жергілікті тұрғындарға риясыз ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровдың мәлімдеуінше, түркі жұртының қарашаңырағы саналатын көне шаһар ірі басқосуларды қабылдауға толық қауқарлы екенін дәлелдеген. Алқалы жиынға келген шетел басшылары мен мәртебелі меймандар қаланың тақтайдай тегіс жолдарына, көк майса саябақтары мен кіршіксіз тазалығына жоғары баға беріпті.
Осы орайда Президент облыс және қала әкімдеріне тұтас өңірдің жауһары саналатын қасиетті мекенді одан әрі көркейтіп, абаттандыру ісіне айрықша мән беруді тапсырды. Сонымен қатар ол ел абыройын асқақтатуға өлшеусіз еңбек сіңірген әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, коммуналдық сала жұмысшылары мен белсенді еріктілерді мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.