Ақтөбе облысының даласында мамандар жаңа туған ақбөкен төлдеріне арнайы GPS-сенсорларын тағуды бастады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Жануарлардың көші-қонын бақылау мақсатында екі түрлі белгі қолданылады, яғни текелеріне кәдімгі стандартты сырға салынса, ұрғашыларына спутниктік құрылғы орнатылады. Салмағы 32 грамм болатын бұл аппарат күн қуатымен жұмыс істейді және киіктердің жүріс-тұрысын үш жыл қатарынан бақылап, орналасқан жері туралы күніне төрт рет сигнал беріп отырады.
«Жақында ақбөкен төлі біз тапқан жерден 7 км қашықтықта белсенділік көрсетті. Бұл ақбөкен төлдерінің күн сайын көбейіп келе жатқанын, яғни олардың белсенділігі артып, анасының соңынан белсенді түрде еріп келе жатқанын білдіреді», – деді Батыс Қазақстан аймақтық «Табиғи орта» үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының директоры Айбат Мұзбай.
Қазіргі уақытта Зоология институтының қызметкерлері облыстағы Мұғалжар, Байғанин және Шалқар аудандарының шекарасында жұмыс істеп жатыр. Ал «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары төлдеу маусымында дала жануарларын қатаң бақылауға алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.