30 тамызда Қазақстан 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциясының 30 жылдығын атап өтеді. Үш онжылдық ішінде елдің негізгі заңы мемлекеттік құрылыстың іргетасына айналып, саяси жүйені қалыптастырумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты құралы болды. Осы уақыт ішінде халықтың құқықтық сауаты артты ма? Қоғам өз құқығын жақсы біледі ме? Біздің заңымыз несімен артық? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Конституция – баптар мен тармақтардың жиынтығы ғана емес, мемлекеттіліктің негізі әрі мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісім-шарт. Онда билік құрылымы, негізгі құқықтар мен бостандықтар, сондай-ақ қоғам мен билік арасындағы теңгерім бекітілген.
Парламентаризм институтының Жеке құқық орталығының жетекшісі Юлия Костянаяның айтуынша, Конституция мемлекеттілікті ғана емес, билік пен қоғам арасындағы үйлесімді де қамтамасыз етеді. Ал заңгер Азиза Мұқашева референдумды қоғамдық келісімнің маңызды элементі деп бағалайды.
«Референдумның ұйымдастырылуы қоғамның мұндай өзгерістерге келісімін растайды, бұл шынайы қоғамдық келісім-шарттың элементі», – дейді заңгер Азиза Мұқашева.
Ерекше нормалар мен реформалар
Отыз жыл ішінде Конституция елеулі өзгерістерге ұшырап, басқа елдердің конституцияларынан ерекшелендіретін өзіндік сипаттарға ие болды.
2022 жылы ауқымды реформа жүргізілді. Конституциялық сот құрылды, оған енді әрбір азамат өз құқықтарын қорғау үшін тікелей жүгіне алады. Аталған өзгеріс Қазақстанды басқа мемлекеттерден ерекшелеп отыр, себебі көптеген елдерде мұндай өтініштерді тек мемлекеттік органдар немесе депутаттар бере алады. Ең маңызды норма ретінде жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі деп бекітілді, осылайша ел экономикасындағы табиғи ресурстардың ерекше рөлін көрсететін тармаққа айналды.
Конституция Қазақстанды зайырлы мемлекет деп жариялайды. Саясат пен дін ажыратылған, сонымен бірге дәстүрлі рухани құндылықтарға құрмет сақталған. Конституцияда бекітілген қос тілділік те этносаралық келісімнің символына айналды, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болса, орыс тілі ресми қолданылады.
Сонымен қатар, Қазақстан бірегей қағида енгізді: Президент жеті жылға бір-ақ рет сайланады. Яғни, «мәңгілік биліктің» алдын алып, биліктің ауысуы принципін күшейтеді.
Конституция бірлік пен этносаралық үйлесім мәселелеріне айрықша мән береді. Оның преамбуласында: «Біз, Қазақстан халқы, ортақ тарихи тағдырмен біріктірілген…» деп жазылған. Дәл осы қағида негізінде Конституцияда бекітілген ерекше институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ол елде өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың этносаралық келісімінің кепілі болып отыр.
Соңғы жылдардағы реформалар демократиялану жолындағы маңызды қадамдар болды. Конституциялық соттың құрылуымен қатар, өлім жазасы жойылды, заң шығару үдерісі өзгерді, ал Парламент пен азаматтардың саяси жүйедегі рөлі едәуір артты.
Парламенттің рөлі артты, заң шығару үдерісі жаңарды. Үш жыл ішінде Конституциялық сотқа 11 мыңнан астам өтініш түсіп, көптеген азаматтар осы арқылы әділдікке қол жеткізді.
«Бұл құқықтарды қорғаудың қуатты тетігі. Халық бәрінен үміт үзген кезде де, әділеттілікті ала алады», – деп атап өтеді Азиза Мұқашева.
Конституция – күнделікті өмірдегі кепілдік
Негізгі заң әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер етеді. Ол өмір сүру, білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу, сөз және еңбек бостандығы, сондай-ақ барша азаматтардың теңдігін қамтамасыз етеді.
«Адам өз құқықтарының бұзылуына тап болмайынша, Конституцияның маңызын толық сезінбейді. Бірақ ол бізге бәрін кепілдейді, мамандық таңдау құқығынан бастап, мектептегі тегін білім алуға дейін», – дейді заңгер Азиза Мұқашева.
Сонымен бірге сарапшылар құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын атап өтеді. Конституция негіздері мектептерде тәжірибелі заңгерлердің қатысуымен, практикалық мысалдар арқылы оқытылса, жастардың құқықтық білімі арта түспек.
Қоғаммен бірге дамитын құжат
Қазақстан Конституциясы қоғамдағы өзгерістерге сай үнемі жетілдіріліп келеді. Түзетулер кейде саяси оқиғаларға байланысты енгізілсе, кейде табиғи эволюция нәтижесінде жасалды.
Сарапшылардың пікірінше, Конституцияның тұрақты жаңғыруы – оның өміршеңдігін көрсететін белгі.
Қазақстан Конституциясының ерекшелігі
АҚШ немесе ЕО елдерінде жер жекеменшікке немесе мемлекеттік меншікке тиесілі бола алса, Қазақстанда жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі деп тікелей жазылған. 2022 жылғы реформадан кейін кез келген азамат Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады, ал Францияда немесе Ресейде мұндай мүмкіндік негізінен мемлекеттік органдарға немесе депутаттарға ғана берілген. Президенттік өкілеттіктің жеті жылдық бір реттік мерзімі де ерекше ереже, көптеген елдерде президенттер бірнеше рет қатарынан сайлана алады. Қазақстан Конституциясы қос тілділікті де бекітеді: қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие, ал орыс тілі ресми қолданыста, бұл әлемде сирек кездесетін жағдай. Маңызды айырмашылықтардың бірі – зайырлы мемлекет сипаты мен дәстүрлі рухани құндылықтарға құрметтің үйлесімі. Тек Қазақстанда Конституцияда бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясы бар — этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған орган.
Азаматтар не біледі?
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2025 жылғы жазда жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 76,3%-ы Конституцияның мазмұнымен таныс.
Жас ерекшелігі бойынша көрсеткіштер:
• 18–29 жас: 79,1 %
• 30–45 жас: 77,5 %
• 46–60 жас: 74,9 %
• 61 жастан асқандар: 72,5 %
2022 жылғы реформадан халықтың есінде мына өзгерістер ерекше сақталған:
1. Президент өкілеттігінің жеті жылдық бір реттік мерзімі — 34,7%.
2. Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі болуы — 27,8 %.
3. Конституциялық соттың құрылуы — 23,9 %.
Халық қосымша келесі ұсыныстарын атап өтті: Мәжіліс депутаттарының санын қысқарту (14,6 %), партия мүшелігіне шектеулер (13 %), Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру (10,3 %), Парламент рөлін күшейту (9,7 %), әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға 30 пайыздық квота енгізу (9,5 %).
Конституцияның 30 жылдығы мерейтой ғана емес, болашаққа көз жүгіртуге мүмкіндік. Ол Қазақстан халқының бірлігінің символы, құқықтар мен бостандықтардың кепілі әрі мемлекеттілік пен демократияны дамыту үшін берік іргетас болып қала береді.