💰 Экономика

Баға енді қағазбен емес, чекпен есептеледі

Баға енді қағазбен емес, чекпен есептеледі

2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда инфляцияны есептеу тәсілі түбегейлі өзгереді. Енді бағаның өсуі дүкендердегі фискалдық чектер негізінде анықталады. Яғни ресми статистика халықтың нақты өмірде қанша ақша жұмсап жүргенін көрсететін деректерге сүйенеді, деп жазады Ozgeris.info.

 

Бұл өзгеріс инфляция туралы түсінікті күнделікті тұрмысқа барынша жақындатуды көздейді. Бұған дейін баға өсімі негізінен таңдап алынған дүкендердегі бақылау арқылы есептеліп келді. Мамандар белгілі бір тауарлардың бағасын қолмен жазып, соның негізінде орташа көрсеткіш шығаратын. Мұндай тәсілдің кемшілігі көп болды. Себебі ол бүкіл елдегі нақты сатып алу көрінісін толық қамтымайтын. Енді бұл кезең аяқталып отыр.

 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі таңда ел бойынша ай сайын 60 миллионнан астам электронды фискалдық чек түседі. Сол чектердің барлығы жаңа жүйенің негізгі дереккөзіне айналады. Әр дүкендегі, әр аймақтағы нақты сатып алу көлемі мен төленген сома есепке алынады. Ұлттық статистика бюросы жаңа тәсілдің қалай жұмыс істейтінін де түсіндірді:

 

«Деректерді жасанды интеллект өңдейді. Ол техникалық қателерді алып тастайды, тауарларды санаттарға бөледі. Нан мен сүттен бастап тұрмыстық техникаға дейінгі барлық топ ескеріледі. Бұл әдістеме Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан мақұлданған», делінген 30 қаңтарда жарияланған ресми ақпаратта.

Жаңа жүйенің басты артықшылығы – шынайылық. Бұған дейін көпшілік ресми инфляция мен өз қалтасындағы шығынның арасында айырма бар екенін жиі айтатын. Адам күн сайын дүкенге барған сайын баға өсіп жатқандай сезінеді, ал ресми көрсеткіш төмен болып шығады. Чекке негізделген есеп осы алшақтықты азайтуға бағытталған.

 

Енді есеп витринадағы бағаға емес, нақты төленген сомаға сүйенеді. Егер дүкенде акция болса, жеңілдік қолданылса немесе бонус пайдаланылса, бәрі есепке алынады. Яғни, қағаздағы емес, өмірдегі баға көрсетіледі. Баға туралы талдау да дерлік нақты уақытқа жақындайды.

 

Жаңа әдіспен есептелген алғашқы инфляция көрсеткіші 2 ақпанда жарияланады. Сол кезде 2026 жылдың қаңтар айындағы баға өсімі қаншалықты шынайы көрінетіні белгілі болады. Бұл ресми статистика мен халықтың күнделікті сезімі арасындағы айырманы нақты көрсететін маңызды кезең болмақ. Дегенмен чекке негізделген есепке көшкеннің өзінде көп адам инфляцияны өз басымнан қатты сезіп отырмын деуі мүмкін. Мұның бірнеше себебі бар.

 

Біріншісі – адамның есте сақтау ерекшелігі. Бағаның қымбаттағаны тез есте қалады, ал арзандағаны немесе өзгермегені байқалмай қалады. Қант 50 теңгеге қымбаттаса, ол бірден көзге түседі. Ал тұз, сіріңке немесе маусымдық киім арзандаса, көп адам оған мән бермейді. Ал статистикада қымбаттағаны да, арзандағаны да бірге есептеледі. Екінші себеп – әр адамның тұтыну себеті әртүрлі. Ресми инфляция барлық тауар мен қызметті қамтиды. Нан, сүт, коммуналдық төлем, әуе билеті, техника, құрылыс материалдары – бәрі бір есепке кіреді. Ал адам өз ақшасын қайда жұмсаса, инфляцияны сол арқылы сезінеді. Егер табысының 80 пайызы азық түлікке кетсе, ал азық түлік 20 пайызға қымбаттаса, ол адам үшін инфляция да 20 пайыз болып көрінеді. Ал басқа тауарлар өзгермесе де, ресми көрсеткіш төмен болуы мүмкін. Үшінші себеп – сатып алу жиілігі. Күн сайын алынатын тауарлардың бағасы бірден байқалады. Нан, сүт, жанармай сияқты тауарлар жиі қымбаттап тұрады. Ал тоңазытқыш, теледидар немесе қысқы киім жылдар бойы өзгермей тұруы мүмкін, бірақ олар сирек алынатындықтан адамның есінде қалмайды. Ал статистикада әр санаттың өз салмағы бар, сол арқылы ортақ көрсеткіш шығарылады.

Барлық жаңалық