2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Мемлекеттік сатып алу туралы заң мемлекеттік қаржыны басқару жүйесіне елеулі өзгеріс әкелді. Бір жыл ішінде рәсімдер қысқарып, үдерістер автоматтандырылып, отандық кәсіпкерлерге қолдау күшейді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Маратұлы айтты, деп жазады Ozgeris.info
Бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері толық автоматтандырылған. Мемлекеттік сатып алу веб-порталына 18 мыңға жуық тапсырыс беруші мен 120 мыңға жуық белсенді өнім беруші тіркелген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемі 9,6 трлн теңгені құрады. Бұл саладағы өзгерістердің ауқымы мен экономикалық салмағы айқын байқалады. Қаржы вице-министрі реформаның басты мәнін мемлекеттік сатып алу жүйесін баяу әрі күрделі рәсімдерден арылту деп түсіндірді.
«Бұған дейін мемлекеттік сатып алу саласындағы ең үлкен мәселе рәсімдердің тым ұзаққа созылуы болатын. Конкурс өткізу айлап созылып, әлеуметтік маңызы бар жобалар уақытында басталмай қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Жаңа заң арқылы біз осы түйткілді мәселені шешуді көздедік. Нәтижесінде сатып алу рәсімдері барынша қысқарып, шешім қабылдау үдерісі жеделдеді», деді Дәурен Маратұлы.
Статистика да бұл сөзді растайды. 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге 1 699 мың шарт жасалса, 2025 жылы 8,1 трлн теңгеге 1 644 мың шарт жасалған. Шарттар саны азайғанымен, олардың көлемі артқан. Оның ішінде отандық өнім берушілермен 456 млрд теңгеге 168,9 мың шарт жасалды. Бұл жаңа заң шеңберінде рәсімдердің оңтайландырылуының нақты нәтижесі ретінде бағаланады.
Жаңа заң аясында сатып алу мерзімдері түбегейлі қайта қаралды. Бұрын конкурс кемінде 60 күнге дейін созылатын. Қазір конкурс 10 күн ішінде өткізіледі. Рейтингтік балдық жүйе қолданылатын конкурстарда жеңімпаз 5 күн ішінде анықталады. Баға ұсыныстарын сұрату мерзімі 2 күнге дейін қысқарды. Сонымен қатар конкурсқа біліктілік талаптарына сай келетін бір ғана өтінім ұсынылса, конкурс өтті деп танылады.
«Рәсімдердің қысқаруы қағазбастылықты азайтып қана қойған жоқ. Ол әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша мердігерлерді жылдам анықтауға мүмкіндік берді. Өткен жылдың алғашқы айларында ақ көптеген мектеп, аурухана, инженерлік инфрақұрылым жобалары бойынша жеңімпаздар қысқа мерзімде анықталып, жұмыстар дер кезінде басталды», дейді Д.Маратұлы.
Мемлекеттік сатып алу реформасының тағы бір маңызды бағыты отандық өнім берушілерді қолдау болды. Ұлттық режімнен алып тасталған тауарлар мен қызметтердің тізбесі кеңейтілді. Жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, құрылыс, азық түлік, жиһаз, бағдарламалық қамтылым, электрондық өнеркәсіп, ветеринариялық жүйелер және А3 мен А4 қағаздары осы тізімге енгізілді.
Сонымен қатар отандық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің нақты тізбесі бекітілді. 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі сатып алулар тек отандық шағын және орта бизнес өкілдерінен жүзеге асырылады. Ірі кәсіпкерлерге бұл сатып алуларға қатысуға техникалық шектеу қойылды. Егер шағын және орта бизнес қатыспаса, екінші кезеңде ғана ірі кәсіпкерлерге мүмкіндік беріледі. Бұл шаралардың мәнін Дәурен Маратұлы ерекше атап өтті:
«Біз отандық кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуді мақсат еттік. Міндетті аванс беру, кепілдіктің барлық түрінен босату, жеткізу мерзімін ұзарту, төлемді 10 күн ішінде жүргізу, тұрақсыздық айыбын 10 пайыздан 3 пайызға дейін төмендету сияқты тетіктер отандық өнім берушілердің қаржылық жүктемесін азайтады. Бұл олардың мемлекеттік сатып алуға белсенді қатысуына жол ашады».
Құрылыс саласында да жаңа тәсіл енгізілді. Заңмен толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт тетігі бекітілді. Бұл жүйе бойынша бір мердігер жобалаудан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізіп, нысанды пайдалануға беруге дейін толық жауап береді. Кей жағдайларда мердігер жобаны өз қаражатымен жүзеге асырады, ал тапсырыс беруші бекітілген қаржы экономикалық модельге сәйкес төлем жасайды.
«Құрылыс саласында жауапкершілік бытыраңқы болмауы тиіс. Бір мердігер толық циклге жауап бергенде, сапаға да, мерзімге де нақты талап қоюға мүмкіндік туады. Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарттың енгізілуі осы мақсатқа бағытталған», деді Д.Маратұлы.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы мемлекеттік сатып алу реформасының бағыттары дұрыс таңдалғанын көрсетті. Рәсімдер жеделдеді. Ашықтық артты. Отандық бизнеске жол ашылды. Мемлекеттік қаржы тиімді жұмсала бастады. Бұл өзгерістер алдағы жылдары да жалғасын табатыны анық.