Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Екібастұз энергия торабы базасында Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасының орындалуын қарады деп хабарлайды Оzgeris.info.
Жоба аясында болашақта 1300 гектардан астам аумақты қамтитын арнайы аймақ құрылмақ. Оның ішінде 200 гектар жер есептеу инфрақұрылымы, «бұлтты» сервистер және жасанды интеллект мүмкіндіктерін орналастыруға арналмақ. Премьер-министрге жобаның дизайн-жобасы таныстырылып, қазіргі дайындық жұмыстары туралы баяндалды.
Жобаның энергетикалық базасы ретінде Екібастұз МАЭС-1 пайдаланылады. Құрылыс кезеңінде 15 шақырым электр тарату желілері салынады, сондай-ақ қуаты 300 МВт болатын және болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейтуге мүмкіндік беретін төмендеткіш қосалқы стансалар орнатылады.
Жоба аясында энергетика, есептеу қуатын пайдалану, ЖИ және IT салаларында 500 жоғары білікті жаңа жұмыс орны құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, IT-мамандарды даярлау бойынша арнайы бағдарламалар іске қосылады. Инвесторлар үшін Арнайы экономикалық аймақ қағидаты бойынша инфрақұрылым құру, тарифтер белгілеу және салықтық жеңілдіктер жасау қарастырылған. Болжамды инвестиция көлемі шамамен $30 млрд, қазіргі уақытта ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
Премьер-министрдің сөзінше, бұл жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудағы стратегиялық маңызды бастама болып табылады. Ол барлық жауапты ұйымдарға жобаны жедел іске асыру, қажетті инфрақұрылым мен жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ әлемдік компаниялармен келісімшарттарды бекіту бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Бұл – болашақтың индустриясы. Біз бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалана білуіміз керек. Жобаны жүзеге асыруға электр энергиясы, климат, транскаспий кабелі сияқты қажетті алғышарттар бар. Сондықтан барлық шешімдерді дер кезінде қабылдап, алға жылжу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстанның цифрлық экономикасы, жасанды интеллект пен есептеу қуатын пайдалану саласы айтарлықтай дамиды деп күтілуде.

