Танымал Дінтанушы әрі уағызшы Данияр Кенжеұлы әлеуметтік желідегі парақшасында танымал имам, теолог Нұрлан қажы Асановқа қатысты сын пікір білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Уағызшы жазбасында қазіргі қоғамдағы дін мен мемлекеттің арақатынасына тоқталып, кейбір діни тұлғалардың ұстанымына наразылығын ашық жеткізген.
«Біз секулярлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз деген желеумен либералды көзқарастарды насихаттауға жақындап бара жатқандаймыз. Мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек деген сайын, олардың ықпалы керісінше артып келе жатқандай әсер қалдырады. Себебі екеуі де қоғамға ықпал етеді. Екі бағытты қатар ұстауға тырысқандар осындай қайшылықтарға тап болады», – деп жазды ол.
Данияр Кенжеұлы Нұрлан имамның соңғы насихаты өзіне қатты әсер еткенін де жасырмады.
Оның айтуынша, танымал имам әлеуметтік желілер мен шоу-бизнес кеңістігінде жиі көрініп, құзыреті жетпесе де пәтуа айтып келеді.
«Көп жағдайда исламды тым жұмсартып, субъективті пікір арқылы түсіндіру үрдісі байқалады. Бұған дейін жасы мен ағалық жолын сыйлап, үнсіз қалған едік. Алайда соңғы насихатында ислам атынан сөйлейтін ұстаздарды нәпсінің қалауымен пәтуа іздейтін көпшілікке оңай жеңдіріп қоюы – арға тиетін жағдай болды», – дейді уағызшы.
Сондай-ақ ол «халықты бөлмеу» деген ниетпен айтылған сөздердің, керісінше, елдің рухани деңгейін көтеруді мақсат еткен ұстаздарды жікке бөліп жібергенін атап өтті. Мүфтияттан Нұрлан имамды қолға алуын сұрады.