Жаңалықтар

"Әйелін қызғанған": Жаңаөзенде көз жұмған дәрігерге 21 рет пышақ сұғылғаны белгілі болды

"Әйелін қызғанған": Жаңаөзенде көз жұмған дәрігерге 21 рет пышақ сұғылғаны белгілі болды

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында аурухана ішінде болған қанды қылмыстың мән-жайы белгілі болды. 29 жастағы дәрігер Нұрдәулет Аманғалиев пышақ жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Оzgeris.info Arasha.kz сілтеп. 

Қайғылы оқиға медициналық мекеменің дәлізінде тіркелген. Алдын ала деректерге сәйкес, терапевтке белгісіз ер адам суық қарумен шабуыл жасаған. Куәгерлердің айтуынша, күдікті дәрігерге бірнеше мәрте пышақ сұғып, ауыр жарақат салған. Марқұм алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Туыстарының мәліметінше, қылмыс марқұмның кәсіби қызметіне байланысты емес. Айтуларынша, күдіктінің жұбайы осы ауруханада медбике болып жұмыс істеген, ал ер адам қызғаныш салдарынан қылмысқа барған. Жақындарының сөзінше, дәрігердің денесіне 21 рет пышақ сұғылған. Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысты кешірім бермейтінін мәлімдеді.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігер мойын, кеуде қуысы мен қол тұсынан ауыр жарақат алған. Ірі қан тамырлары зақымдалып, көп мөлшерде қан жоғалтқан. Ақтау қаласынан арнайы келген мамандар шұғыл ота жасағанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Нұрдәулет Аманғалиев Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына жұмысқа орналасқан. Артында екі баласы қалды. Әріптестері оны ісіне адал, жауапты әрі болашағынан зор үміт күттірген жас маман ретінде сипаттайды.

Полиция аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғады. Құзырлы органның мәліметінше, күдікті өз еркімен полицияға берілген. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Барлық жаңалық