Астанада «SARAP» эксперттік клубының «Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар» тақырыбындағы кезекті отырысы өтті. Іс-шара Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісіндегі кеңесуші институттардың рөлі мен болашағын саралауға арналды, деп жазады Ozgeris.info.
Отырысты Қазақстандық қоғамдық даму институты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Жиында Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтай отырысында айтқан бастамалары талқыланып, оларды іске асыру тетіктері кеңінен қарастырылды.
Сарапшылар кеңесуші демократияның қазақстандық моделін қалыптастыру үдерісіне ерекше тоқталды. Бұл бағытта қоғам мен билік арасындағы диалогты нығайтудың, қоғамдық пікірді ескерудің және шешім қабылдау үдерісіне азаматтарды кеңінен тартудың маңызы атап өтілді. Сонымен қатар кеңесші органдардың тиімділігі мен олардың институционалдық дамуы сөз болды.
Отырыс барысында Халық кеңесін құру перспективалары да талқыланды. Сарапшылар бұл институттың қоғамның түрлі топтарының пікірін жүйелі түрде жеткізетін алаңға айналу мүмкіндігін қарастырды. Кеңесуші құрылымдар арқылы азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларын мемлекеттік шешімдерге енгізу тетіктері назарға алынды.
Іс-шараға Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, академиялық қауымдастық өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты. Олар конституциялық реформаның жалғасы ретінде кеңесуші институттарды дамыту саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова іс-шараның маңызына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Конституциялық комиссияның жұмысы жүйелі әрі дәйекті түрде жалғасып келеді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі консультативтік институттардың болашағы және олардың жаңа конституциялық архитектурадағы орны болып отыр.

«Қазіргі уақытта Конституциялық комиссияның жұмысы жүйелі әрі дәйекті түрде жалғасып келеді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – консультативтік институттардың болашағы және олардың жаңа конституциялық архитектурадағы орны. Бұл институттардың дамуы азаматтық қоғамды одан әрі нығайтуға және қоғамдық диалогтің сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді. Бүгінде консультативтік кеңесуші институттар шешім қабылдау үдерісіне қоғамның қатысуын қамтамасыз ететін маңызды тетік ретінде қарастырылып отыр», деді Жұлдызай Ысқақова.
Жиында болашақ консультативтік органдардың жұмысын жаңаша ұйымдастыру мәселесі де көтерілді. Парламент Сенатының депутаты Жанна Асанова жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы деректер массивін тіркеу және өңдеуге мүмкіндік беретін цифрлық модельге көшу қажеттігін атап өтті. Спикердің айтуынша, жасанды интеллект әлеуетін болашақ консультативтік органның қызметінде тиімді қолдану қоғамдық ұсыныстарды жүйелеуге жол ашады.

«Әрбір азаматтың айтқан ұсынысы цифрлық із қалдырады, бұл олардың не ұсынғанын және қандай мәселелер қозғалғанын анық көруге мүмкіндік береді. Демек, маңыздысы – идеяны айтып қана қоймай, ол үшін жауапкершілікті де сезіну. Мұндай тәсіл ашық, тиімді және нәтижеге бағытталған қоғамдық диалог құруға жол ашады», деді Жанна Асанова.
Жиында кеңесуші органдардың саяси үдерістерге ықпалына да назар аударылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина бұл институттардың эволюциясы мен қоғамдағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, кеңесуші органдар бір күнде пайда болған құрылым емес, олар кезең кезеңімен қалыптасып, саяси реформалардың логикалық жалғасына айналып отыр. Спикер кеңесуші демократияның қалыптасу жолын нақты үш кезең арқылы сипаттады.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Ұлттық құрылтайдың жұмысы ауқымды саяси реформаларға негіз қалады. Үшінші кезең – Халық кеңесін құру. Қоғамдық сенім кеңесімен салыстырғанда, Ұлттық құрылтайдың институционалдануы анағұрлым күрделі болды, оның құрамына аймақтар мен түрлі сала өкілдері тартылды. Халық кеңесінің де құрамы нақты айқындалған, сондай-ақ азаматтардың қандай бағыттар бойынша қатысатыны алдын ала белгіленген. Осылайша, аталған үш органды да қоғам мен мемлекет арасындағы тікелей диалогтің институционалдануы ретінде қарастыруға болады», деді Индира Рыстина.
Оның пікірінше, бұл үдеріс кеңесуші органдардың саяси салмағын арттырып қана қоймай, қоғамның әртүрлі топтарының пікірін жүйелі түрде ескеруге мүмкіндік береді. Кеңесуші институттардың осылайша кезең кезеңімен дамуы билік пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды фактор ретінде бағаланды.
Саяси шолушы, Конституциялық комиссияның мүшесі Ғазиз Әбішев кеңесуші демократияның мазмұны мен әлеуетіне делиберативтік демократия тұрғысынан тоқталды. Ол Ұлттық құрылтайдың қазіргі саяси жүйедегі орнын саралап, оның қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Делиберативтік демократия тұрғысынан алғанда Ұлттық құрылтай сараптамалық кеңес беру мен қоғамдық талқылаудың арасындағы аралық орынды иеленіп, өңірлердің, әлеуметтік топтардың және түрлі салалардың өкілдерін біріктірді. Осы тұрғыда болашақ Халық кеңесі жұмысы кең өкілдікке, рәсімдердің ашықтығына және қоғамдық ұсыныстардың шешім қабылдау үдерісінде нақты ескерілуіне негізделсе, толыққанды делиберативтік органға айналу әлеуетіне ие», деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының пікірінше, мұндай формат қоғамда айтылған пікірлердің жай ұсыныс деңгейінде қалып қоймай, нақты саяси шешімдерге ықпал етуіне жол ашады. Делиберативтік демократияның мәні де осында. Ол ашық талқылау, пікір алуандығы және жауапкершілік арқылы шешім қабылдаудың сапасын арттыруды көздейді.
Талқы барысында басқа да сарапшылар өз көзқарастарын ортаға салды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова ұлттық диалогті дамытуда этномәдени бірлестіктердің рөліне тоқталды. Оның айтуынша, көпэтносты қоғам жағдайында кеңесуші институттар қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды алаңына айналып отыр.
ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева кеңесуші демократия саласындағы халықаралық тәжірибелерге назар аударды. Ол түрлі елдерде қолданылатын қоғамдық кеңестер мен консультативтік алаңдардың ерекшеліктерін атап өтіп, Қазақстан үшін олардың озық үлгілерін бейімдеудің маңызын айтты.
Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов та өз сөзінде кеңесуші органдардың аймақтық және салалық мүдделерді үйлестірудегі рөліне тоқталды. Оның пікірінше, мұндай институттар қоғамдағы түрлі көзқарастарды бір алаңда тоғыстырып, ортақ шешімге келуге мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында қатысушылар сұрақ жауап форматында пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Кеңесуші институттардың реформалар жағдайында қалай дамуы керек екені, олардың қоғамдық диалогті нығайтудағы рөлі және азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
