Жаңалықтар

"Кімнің руына тіл тиіп кетті екен": Қайрат Әділгерей түскен фильм прокаттан алынды

"Кімнің руына тіл тиіп кетті екен": Қайрат Әділгерей түскен фильм прокаттан алынды

10 желтоқсанда қалың көрерменге жол тартқан “Руың кім?” фильмі прокаттан алып тасталады, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты. 

Жобаның 18 желтоқсаннан кейін кинотетарларда көрсетілмейтінін Tiger Films продюссерлік орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.

“Құрметті көрермен! “Руың кім?” фильмі 18 желтоқсаннан бастап белгілі бір себептерге байланысты еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілуін тоқтатады. Бізбен бірге болып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін мың алғыс!", – делінген жазбада.

Ал актер әрі фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Қайрат Әділгерейдің айтуынша, картина рулық араздықты тудыруы мүмкін деген қауіп бар.

“Біреулердің ойы бойынша, фильм рулық араздықты тудыруы мүмкін екен. Негізі шын мәнінде, фильм қазақты руға бөлінбей, ынтымақ, береке мен бірлікке шақырады. Кейбіреулер трейлерге қарап, мәнін түсінбей жатыр, бірақ барып толық көрген адамның пікірі мүлде басқаша қалыптасып жатыр. Сондықтан фильмді басынан аяғына дейін көрмейінше оның мәні мен не жеткізгісі келгенін түсінбейді”, – деді ол.

Желі қолданушылары бұл шешімге наразылығын білдіріп жатыр. Бірі фильмді түсіруге қанша уақыт пен еңбек кеткенін айтып, бұрыс шешімге теңесе, тағы бірі фильмнің мағынасы өте жақсы екенін жазған.

“Еңбекпен жасалынған, бірлікке шақыратын, ерекшеленбей бәрін бір қазақ деген астарлы дуниенің несінен кәнірәт тапты?”, “Жалпы жарнамасы ұзақ жүрді, шығуы да созылды. Енді прокаттан алмақшы. Кімнің руына тіл тиіп кетті екен?!”, “Кино өте күшті, кеше бәріміз барып әбден күліп қайттық, бірақ енді көрсетпейтіні өкінішті”, “Фильмнің мағынасы өте күшті. Сосын көп картина соңы бітпей мағынасыз калып кетеді ғой. Бұл киноның соңы бар, бізге ұнаған еді”, – деп жазды олар.

Барлық жаңалық