Қазақстанда енді банк картасын немесе шотқа қолжетімділікті басқа адамға беру қылмыс саналады. Тиісті заңға Президент Тоқаев қол қойды, деп жазады Ozgeris.info.
Кейінгі жылдары азаматтар өз карталарын ақша үшін алаяқтарға жиі беретін болған. Бұл қаржы алаяқтығы мен көлеңкелі ақшаны айналымға енгізудің негізгі тәсіліне айналды. Сол себепті мемлекет мұндай әрекетке қатаң жаза енгізіп отыр. Дропперлік деген айып танылмақ.
Яғни, Қылмыстық кодекске жаңа бап қосылды. Енді картаны, шотты немесе сәйкестендіру құралын заңсыз беру, сату немесе пайдалану үшін жауапкершілік қарастырылған.
Не күтіп тұр?
– Картаны ақшаға бергені үшін – 160 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау.
– Егер сыйақы көлемі үлкен болса – 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
– Ал заңсыз аударымдар үшін – 5 жылға дейін түрме қарастырылған.
Бірақ егер мұндай әрекетті бірінші рет жасап, өз еркіңізбен мойындасаңыз, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуыңыз мүмкін.